Жаңалықтар

Газетті қолыңа алып оқығанға жетпейді

Ермекбай МҰРСӘЛІМОВ, тұрақты оқырман

Біздің оқырман

— Туып-өскен жерім — Қобданың Әлия ауылы. Мектеп бітірген соң Темір қаласындағы техникумда зоотехник мамандығын меңгердім. Әскер қатарына шақырылғаннан кейін екі жыл бойы ауған жерінде борышымды өтедім. Кейін, 1981-1986 жылдары Алматыдағы зоотехникалық-ветеринарлық институтта жоғары білім алып, жолдамамен Шығыс Қазақстан облысына аттандым. Сол жақта 22 жыл бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек еттім. 2010 жылы туған жерге қоныс аудардым. Содан бері облыстық газеттердің тұрақты оқырманымын. Бүгінде жасым жетпіске таяп қалса да, газет-журнал оқудан жалыққан емеспін. Үйге газет-журналдың жаңа саны келгенде немерелерім де қызыға парақтап, мақалаларды үңіле оқиды. Мұндай сәттеркөңілге ерекше бір жылылық ұялатады.

Қос басылымда түрлі тақырыптағы мақалалар жарияланып жатады. Президенттің бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында қарапайым еңбек адамдары туралы көп материал жарық көріп жүр. Бұған ерекше қуаныштымын. Себебі соңғы жылдары жұмысшылар еңбегі елеусіз қалып, тіпті жастар менсініңкіремейтін мамандық санатына ене жаздаған кезі де болды. Ал шындығында, өмірдің өзегі, еңбектің иесі сол қарапайым жандар емес пе?! Айталық, газдәнекерлеуші, механизатор, құрылысшы — бәрі де өндірістің, тіршіліктің тірегі. Біздің заманымызда мұндай мамандардың мәртебесі жоғары, еңбегіне құрмет ерекше еді. Қазір сол құрметтің қайта оралып, осындай мамандардың еңбегі дәріптеліп жатқанына шын қуаныштымын.

Өзім қоғамдық жұмысқа белсене араласамын. Ауған соғысы ардагерлері қатарында іздеу топтарымен бірнеше мәрте Әлия ауылында болдық. Сол сапарымыз облыстық газет бетінде де жиі жарияланып жатады.

Меніңше, ақпаратты интернеттен оқығаннан гөрі, қолыңа газетті алып, оның иісін сезініп оқу — бір басқа. Газет адамның ойлау қабілетін дамытады, таным көкжиегін кеңейтеді, рухани байытады.

 

Ақтөбе қаласы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button