Жаңалықтар

Бала тәрбиесі — ортақ міндет

Ата-аналар жиналысы

Шығармашылық академиясында өткен «Бала тәрбиесі — ортақ міндет» атты облыстық ата-аналар жиналысына онлайн, офлайн форматта Ақтөбе қаласынан, өңірдің барлық ауданынан 400-ге жуық ата-ана қатысты. Облыстық білім басқармасы ұйымдастырған ауқымды іс-шарада отбасы мен мектеп, қоғам мен ортаның бала тәрбиесіндегі рөлі мәселесі сөз болды.

Жиынды жүргізген облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева білім беру ұйымдарындағы ата-аналар қауымдастығы қоғамдағы ең ықпалды, үлкен аудиториялардың бірі екенін, әрбір ата-ананың ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі зор екенін атап өтті.
— Бала тәрбиесі — тек ата-ананың емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Бүгінгі таңда қоғамның дамуымен бірге балалар тәрбиесіне әсер ететін түрлі фактор көбейді. Ақпараттық кеңістік, әлеуметтік желі, заманауи технологиялар баланың санасына оң да, теріс те ықпал етеді. Осы орайда ата-ана, мұғалім және қоғам өкілдерінің өзара ынтымақтастығы аса қажет, — деді Б.Күзембаева.
Жиынға қатысқан Ақтөбе облысының полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов балалардың қауіпсіздігі мен құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, қоғамдағы қайғылы оқиғалардың көбі ата-ананың бақылаусыздығынан болып жатады.
— Ата-аналар арасында жауапкершіліктен жалтару, ішімдікке салыну, балаларды қараусыз қалдыру сияқты жағдайлар да кездеседі. Бала тәрбиесі — тек мектептің немесе полицияның міндеті емес. Егер бәріміз бір бағытта жұмыс істесек, балаларымызды қауіптен, жаман әдеттен сақтай аламыз. Тағы бір айта кетерлігі — кей ата-ана балаларға самокат, скутер, мопед сатып алып беріп жатады. Бірақ мұның ойыншық емес екенін ескеру керек. Қала жолдары мұндай көліктерге бейімделмеген, сондықтан бұл — қауіпті. Осыған ата-аналар мән беруі керек, — деді ол.
Ақтөбе облысы бойынша бала құқығын қорғау жөніндегі уәкіл, балалар омбудсмені Айгүл Нұркеева өз қызметінің мақсат-міндеттерімен және өңірдегі өзекті мәселелермен бөлісті.
— Балалар омбудсмені олардың заңды құқығы мен мүддесін қорғайды.
Менің өз міндетіме кіріскеніме аз уақыт болса да, ата-аналардан, балалардан өтініштер келіп түсіп жатыр. Телефон нөміріме, ватсапқа, әлеуметтік желілерге кез келген уақытта хабарласуларыңызға болады. Әрбір ата-ана баласының қауіпсіздігіне бірінші кезекте өзі жауапты екенін ұмытпауға тиіс. Барлығымыздың ортақ мақсатымыз — балаға қауіпсіз орта қалыптастыру, — деді Айгүл Нұркеева.
Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс дәрігер-гинекологі Салтанат Ахметжанқызы ата-аналарды балалардың денсаулығына бейжай қарамауға шақырды. Соның ішінде жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік мәселесіне тоқталды.
— Мұндай жағдайлардың негізгі себептері — жасөспірім мен ата-ана арасында сенімнің жоқтығы, эмоционалдық жылудың жетіспеушілігі және балалардың үйдегі ересектерге өз проблемасын айта алмауы. Жасөспірімдердің жүктілігі — олардың көмекке зәру екендігінің көрінісі, олардың жанайқайы. Егер қыз бала өз отбасында ашық сөйлесе алса, ондай жағдайға бармас еді, — дей келе дәрігер ата-аналарға балаларының денсаулығына назар аударып, физиологиялық өзгерістер мен шағымдарға бейжай қарамауға кеңес берді.
Сонымен бірге жиында «Jan ahual» психологиялық қолдау орталығының бөлім меңгерушісі, психодрама терапевті Медеухан Жасжанова сөз алып, ата-аналарға баламен арада эмоциялық байланыс орнатудың, қажет жағдайда кәсіби маманға, психологиялық қолдауға жүгіну маңызды екенін айтты.
— Балаға материалдық құндылықтардан гөрі ата-анасының мейірімі мен қолдауы аса қажет. Баланың ашуын, қайғысын немесе сезімін бақылау мен түсіну арқылы эмоциялық интеллектін дамытуға болады. Егер көмек қажет екенін түсінсеңіз, психолог маманға барыңыз, бұл — әлсіздік емес, керісінше, бала өміріне деген жауапкершілік, — деді ол.
Ақтөбе облысының полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Аян Құрманғазин баланың телефонын бақылау, оларға интернет-алаяқтыққа қарсы ережелерді үйрету сынды пікірлерімен бөліссе, облыстық аналар кеңесінің төрағасы Рауза Серғалина отбасы тәрбиесі, баламен сапалы уақыт өткізу, әлеуметтік мәселелерді шешуде ата-ана мен қоғам бірлесе әрекет ету керектігі туралы айтты.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button