Жаңалықтар

Жаңа тізілімге өтуге дайынсыз ба?

Ақтөбелік компаниялар жаңа қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінің (ҚТӨТ) енгізілуіне байланысты сатып алуға қолжетімділіктен айырылып қаламыз деп қауіптенеді. Кәсіпкерлердің айтуынша, өтпелі кезең тым қысқа болуы мүмкін. Кәсіпкерлер палатасында өткен индустрия салалық кеңес отырысында өңірдегі бизнес өкілдері тізілімді енгізуді кейінге шегеру немесе өтпелі кезеңді жеңілдету жөнінде ұсыныс айтты.

Ресми түрде өтпелі кезең 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін деп белгіленгенімен, іс жүзінде дайындыққа бар болғаны екі ай қалды. Көп компания әдістемелік қолдау мен нұсқаулық алып үлгермеген. Сонымен қатар тізілім толықтай цифрлық форматта және электронды платформа арқылы жүзеге асатындықтан жылдың соңында өтінімдер жаппай түсе бастаса, жүйе жүктемеге шыдамай қалуы мүмкін. Техникалық ақау мен құжаттардағы сәйкессіздіктер компаниялардың тізілімге енгізілмеуіне себеп болуы ықтимал.
— Ең үлкен тәуекел — егер компания 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін тізілімге кіре алмаса, ол отандық тауар өндіруші ретінде сатып алуларға қатыса алмайды. Қазір көптеген тендер мен қолдау бағдарламасына, соның ішінде «Самұрық-Қазына» және квазимемлекеттік секторға қатысу үшін қазақстандық қамту үлесін растау қажет. Ал тізілімсіз компания бұл мәртебеден автоматты түрде айырылады, — деді «Epsilon Group» ЖШС өкілі Айдос Жамидулла.
Қазіргі таңда ҚТӨТ енгізу процесі бірқатар ұйымдастырушылық және техникалық қиындықтармен қатар жүріп жатыр. Қазан айының соңында өткен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен өңдеуші өнеркәсіп және машина жасау мен металл өңдеу комитеттерінің бірлескен отырысында бизнес өкілдері жүйенің әлі де сынақ режимінде жұмыс істеп жатқанын, цифрлық функционалы толық пысықталмағанын, ішкі үлестік құндылықты есептеу тәсілі мен «СТ-KZ» немесе индустриялық сертификаты бар компаниялардың қатысуы бойынша мәселе барын атап өтті.
— Кейбір өндірушілер техникалық кемшіліктердің кесірінен тізімнен тыс қалуы мүмкін деген қауіп бар. Біз, біріншіден, QazIndustry-ден индустриялық сертификаты бар өндірушілерді тізілімге автоматты түрде енгізуді ұсынамыз. Себебі бұл кәсіпорындар өндірістік базасын растап қойған. Екіншіден, тізілімді міндетті түрде енгізу мерзімін, мысалы, 2026 жылдың екінші немесе үшінші тоқсанына шегеру қажет. Осылайша қосымша сынақ пен жетілдіруге уақыт беріледі, — деді индустрия салалық кеңесінің төрағасы, «По Глобал-Спецодежда» ЖШС директоры Надежда Шабаева.
Бизнес өкілдерінің пікірінше, бұл шаралар техникалық қатені жоюға, есептеу әдістемесін нақтылауға, комиссияларды дайындауға және жүйенің өзара іс-қимылын реттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпкерлер бейнебақылау орнату және мемлекеттік органдардың қолжетімділігіне қатысты талапқа алаңдаушылық білдіреді.
Жаңа механизмнің енгізілетіні жарияланған сәттен бастап «Атамекен» палатасы ҚТӨТ бойынша барлық мәселені түсіндіру, талқылау бағытында белсенді жұмыс атқарып келеді. Ұлттық палата тізілімді енгізу бойынша салалық ұсыныстары мен бастамаларын біріктіре бастады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button