Арманым — ел алдындағы адал қызмет: болашақ тергеуші болуға талпыныс

Әр азаматтың жүрегінде бала кезден бастап Отанға, халқына қызмет етсем деген үлкен арман орын тебеді. Біреу ұшқыш болуды қалайды, енді бірі дәрігер атануға құлшынады. Ал менің бала жүрегімде ел тыныштығын сақтау, әділет пен заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамға адал қызмет ету арманы ерте тұтанды. Осы арман мені Қазақстан Республикасы ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының табалдырығын аттатты. Бүгінде мен – осы оқу орнының 1-курс курсантымын.
Полиция формасын алғаш киген сәттен бастап-ақ бойымда ерекше мақтаныш сезімі мен зор жауапкершілік пайда болды. Себебі бұл — жай ғана форма емес, бұл — тәртіп пен тұрақтылықтың, сенім мен әділеттіліктің белгісі. Мен үшін полиция болу — бұл билік құралына ие болу емес, бұл – ел игілігі үшін адал еңбек ету, қоғам мүддесін қорғау, халық сенімін ақтау.
Қазіргі таңда, Институт қабырғасында «Заңгер» ғылыми үйірме шеңберінде біз болашақ құқық қорғау қызметкері ретінде заң саласындағы терең білім мен кәсіби дағдыларды меңгеріп жатырмыз.
«Заңгер» ғылыми үйірме жұмысының негізгі мақсаты – курсанттардың құқықтық ой-өрісін кеңейту, заңнамаларды дұрыс түсініп, оны іс жүзінде қолдану қабілетін дамыту. «Заңгер» ғылыми үйірмесіне қатысқаннан бері менің тергеуші болу туралы арманым бұрынғыдан да айқындала түсті. Үйірме жұмыстары мен кездесулер барысында заң саласының күрделілігі мен жауапкершілігін терең түсіндім. Әрбір талқылау, әр сабақ менің құқыққа деген қызығушылығымды арттырып, әділдік жолында қызмет етудің қадірін ұғындырды. «Заңгерғылыми үйірме жетекшісіполиция подполковнигі, С.А. Мендыбаеваның сабақтары мен бағыт-бағдары маған үлкен шабыт береді. Оқытушының, әрбір сөзі мен іс-әрекеті арқылы тергеуші мамандығының маңызын, адалдық пен сабырдың, принципшілдік пен табандылықтың мәнін ұғындым.
«Заңгер» ғылыми үйірме аясында ғылыми мақалалар жазып, құқықтық тақырыптарда пікірталастар өткіземіз, нақты істерді талдап, заң нормаларын тәжірибеде қолдануға машықтанамыз. Сонымен қатар, болашақ тергеуші, прокурор немесе сот қызметкері ретінде әділдік, адалдық, жауапкершілік пен адамгершілік қағидаларын ұстануды үйренеміз.Әрбір өткен күн – болашақ қызметімнің іргетасын қалауда.
Менің бүгінгі арманым — ертеңгі ақиқатқа айналатынына сенемін. Тергеуші болу — жай ғана мамандық емес, бұл — әділдік жолындағы күрес, ел сенімін арқалау, қоғамдағы тыныштық пен заңдылықтың қорғаны болу. Бұл жолда мен өзіме артылған сенімді ақтауға, елімнің тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін адал еңбек етуге дайынмын. Себебі менің жүрегімде бір ғана мақсат бар — халқыма адал қызмет ететін, заңға берік, әділет жолында тайсалмайтын нағыз тергеуші болу!
Қазақстан Республикасы ІІМ
М.Бөкенбаев атындағы
Ақтөбе заң институтының
1 курс 106 оқу тобының курсанты
Әділхан Мадина Мирханқызы.



