Ақтөбеде 3 ірі жобаның құрылысы басталды

Президент тапсырмасы
Ақтөбеде ауқымды үш ірі жоба — облыстық драма театр, стадион және спорт кешенінің құрылысы басталды. Бұл жобалар ел Президентінің тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Аталған нысандар облыс орталығындағы Алтын Орда шағын ауданында орналасатын «Алтын орда» әлеуметтік-іскерлік орталығының құрамына кіреді. Бұл орталық қаланың сәулеттік келбетіне көрік беріп қана қоймай, өңір тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды орынға айналмақ.
Облыс әкімі Асхат Шахаровты қала әкімі Азамат Бекет аталған «Алтын орда» әлеуметтік-іскерлік орталығының құрылыс жобасымен таныстырды. Азамат Бекеттің айтуынша, орталықтың жалпы аумағы 165,8 гектар және ол өңірдің мәдени, спорттық және қоғамдық өмірін жан-жақты дамытуға бағытталған.
— Орталық құрамында 700 орындық облыстық драма театры, 34 980 көрерменге арналған стадион, 5 мың орындық көпфункционалды спорт кешені, сондай-ақ қонақүйлер, сауда және ойын-сауық орталықтары, білім беру мекемелері мен Қазақстан картасының пішінін бейнелейтін «Алтын орда» саябағы салынады, — деді Азамат Бекет.
Барлық нысан өзара үйлесімді түрде біріктіріледі. Орталық айналасында демалыспен серуендеуге арналған абаттандырылған аймақтар жасалып, шағын аудан тұрғындары үшін қолайлы және тартымды орта қалыптасады.
«Алтын орда» әлеуметтік-іскерлік орталығы туристік кластер ретінде қарастырылып отыр, мұнда барлық әлеуметтік нысан орналастырылады. 59 гектар аумақта саябақ салынып, бизнеске арналған қонақүйлер, сауда үйлері және басқа да коммерциялық нысандар үшін жер телімі арнайы комиссия арқылы бөлінеді, бұл аумақтың инвестициялық тартымдылығын арттырады.
— Жер телімінің аумағы мен орналасуы біз үшін өте тиімді. Егер нысандар қаладан тыс салынса, логистика мен шығын жағынан қиындық туар еді. Ал қазіргі таңда құрылыс жүріп жатқан жер — қаланың дәл ортасында, қарқынды дамып келе жатқан «Алтын орда» шағын ауданында орналасқан. Бұл өте ыңғайлы, себебі барлық қажетті инфрақұрылым бар және бұл орын стадион салуға да, оның айналасында бизнесті дамытуға да қолайлы. Жалпы аумақ шамамен 180 гектарды құрайды, оның бір бөлігі инженерлік инфрақұрылымға, ал қалған 168 гектары әлеуметтік және коммерциялық нысандарға бөлінеді, — деді облыс әкімі.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың мәліметінше, орталық аумағында үш ірі нысан — облыстық драма театры, көпфункционалды спорт кешені және футбол стадионының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Барлық жұмыс бекітілген кестеге сәйкес атқарылуда.
Жаңа драма театры 700 орынға шақталған. Құрылыс жұмыстары қазан айында басталды. Дайындық және бетон құю жұмыстары аяқталып, қазір арматуралық қаңқасы бар іргетас орнатылуда.
5 мың көрерменге арналған көпфункционалды спорт кешені 6,1 гектар аумақта салынып жатыр. Нысан аумағы толық қоршалып, алаңды дайындау және іргетасқа арналған шұңқыр қазу жұмысы жүргізілуде.
34 980 орындық футбол стадионы 25 гектар аумақта бой көтермек. Қазір аумақтың қоршауы аяқталып, құрылысқа дайындық жалғасуда.
Өңір басшысы жобалық-сметалық құжаттама дайын екенін де атап өтті.
— Ақтөбе бұрыннан заманауи үлкен стадионға лайық. Мұнда балалар мен жастардың спортпен айналысуына барлық жағдай жасалады. Алдағы жылдары облыс орталығында болашақ чемпиондар жаттығатын заманауи спорт аренасы пайда болады, — деді Асхат Шахаров.
Құрылыс алаңында болған облыс әкімі өңірде футболды дамыту және бұқаралық спортты қолдау бағытындағы жұмыстар туралы да айтып өтті.
Оның сөзінше, жергілікті футбол клубтарын дамыту мен жоғары деңгейдегі спортшыларды дайындау үшін қолайлы жағдай жасау маңызды.
— Мемлекет басшысы жаңа футбол академиясын салуды тапсырды. Егер біз жоғары деңгейдегі спортшыларды дайындағымыз келсе, оларға лайықты жағдай жасауымыз қажет. Былтыр Ақтөбе облысында өз академиямызды аштық. Басты мақсатымыз — жергілікті клубтарды, бұқаралық спортты дамыту және ұлттық құраманың ойыншыларын тәрбиелеу. Бұл үшін барлық қажетті жағдай өңірлерде жасалуға тиіс, — деді Асхат Шахаров.
Облыс әкімі атап өткендей, қазіргі уақытта футбол клубтарын жекешелендіру мәселесі бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бұл мәселе жыл соңына дейін толық шешіліп, «Ақтөбе» футбол клубы жекеменшікке өтеді деп жоспарлануда. Клуб құрылымында оны дамытуға бағытталған өзгерістер енгізіледі, оған айтарлықтай қаржыландыру мен жүйелі жұмыс қажет.
Асхат Шахаровтың айтуынша, мұндай ауқымды жобалар Мемлекет басшысының қолдауының арқасында жүзеге асуда. Ал шаралардың барлығы футболдың тұрақты дамуына, ұлттық құраманың ойыншыларын тәрбиелеуге және өңір тұрғындары үшін салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Д.АЙДАР.



