Газет оқуды трендке айналдыру керек

Біздің оқырман
Нұргүл ҚҰРМАНБАЕВА, Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінің
мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің арнаулы пән оқытушысы
Облыстық «Ақтөбе» газетінің тұрақты оқырманымын. Ұстаздық жолымды бастаған сәттен бастап жергілікті басылым сенімді серігіме айналды. Бүгінде колледждегі оқытушылар құрамы газетке жазылып, мақалаларын жариялап тұрады. Ғасырлық тарихы бар басылымның «Әдебиет», «Білім» беттерін сүйсіне оқимын. Әсіресе «Білім» қосымшасында өңірдегі білім саласында атқарылып жатқан келелі істер мен жаңашыл ұстаздар қауымы туралы әзірленген мақалалар жиі шығып тұрады.
Ойыңа ой қосатын, рухани азық беретін, таным кеңістігіңді ашатын сүбелі дүниелерді жарыққа шығаратын дәстүрлі басылымның қоғамдағы рөлі ерекше. Қазір еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін ұялы телефонға телмірген заман болды. Соған қарамастан, жаңашыл техника баспасөздің орнын алмастырмайды. Мысалы, 2020 жылғы карантин кезінде адамдар жаппай кітап оқуды трендке айналдырған еді. Жалпы, қазіргі қоғамда адамдар әлеуметтік желідегі кез келген нәрсені трендке айналдыруға бейім. Осы тұста газет оқуды неге трендке айналдырмасқа деген ойдамын. Өзім үнемі студенттеріме жергілікті басылымдарды оқып, соның желісімен қызықты мақала жазуға тапсырма беремін. Ізденімпаз білім алушылар сонда ғана кітапханаға бет бұрып, бір сәт әлеуметтік желіден алыстайды. Сондықтан оларды үнемі газет, кітап оқуға машықтандырып, бос уақытында шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік жасаймын.
Биыл Жұмысшы мамандықтары жылы аясында өңірде ауқымды іс-шаралар өткізіліп жатыр. Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінің оқытушылар құрамы мен білім алушылары аталған жыл аясында алғаш рет Ваbу Skills сайысын ұйымдастырған-ды. Оған колледжішілік WorldSkills байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысты. Бұл сайыс туралы «Ақтөбе» газетінде толыққанды ақпарат берілді. Осындай бағыттағы танымдық іс-шаралар жалғасады. Себебі мұндай сайыстар білім алушылардың балалармен жұмыс жасап, қарым-қатынас орнатудың әдіс-тәсілдерін меңгеруіне көмектеседі. Алдағы уақытта басылымның оқырмандары мен мазмұнды айдарлары көбейсін деп тілеймін.



