Басты жаңалықтар

Көктемгі дала жұмыстары 790 мың гектарға жүргізіледі

Егін егу

Егіс алқаптарын әртараптандыру мәселесі облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында қаралды.

Президенттің ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында Үкімет егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша жұмыс жүргізу міндетін қойған. Осы орайда биыл көктемгі дала жұмыстары 790 мың гектар аумақта жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 35 мың гектар артық.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жүсібалиевтің айтуынша,

биыл майлы дақылдар алқабын 75 мың гектарға, мал азықтық дақылдарды 277 мың гектарға, картопты 3,5 мың гектарға, көкөніс пен бақша дақылдарын 3,3 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда.

Басқарма басшысы картоп пен көкөніс егістіктерін ұйымдасқан шаруашылықтар есебінен арттыру қажеттігіне назар аударды, себебі бұл дақылдардың шамамен 70 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарда өндіріледі, ал базарлар мен дүкендерге түспейді.

Сондай-ақ «Родники-Агро», «Дилэнд», «Құмқұдық», «Бұлақ» сияқты шаруашылықтарда бұршақ тұқымдас дақылдар (ноқат, жасымық) алқаптарын ұлғайту көзделуде. Бұршақ тұқымдас дақылдар топырақты азотпен байытып, оның құнарлылығын арттыратыны және дақылдардың өнімділігін көтеретіні айтылды.

Асқар Жүсібалиев көктемгі егіс үшін 49 мың тонна тұқым қажет екенін, оның 41 мың тоннасы (83%-ы) қазірдің өзінде дайындалғанын жеткізді. Аудандарда жетіспейтін тұқым көлемін толықтыру жұмыстары жүргізілуде, іріктеу және алдын ала келісімшарттар жасалуда. Сондай-ақ басқа өңірлердегі тұқым шаруашылықтарының прайс-парақтары қалыптастырылып жатыр.

Дала жұмыстарын жүргізу үшін 7914 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. 1,5 мың трактор, 1,4 мың сепкіш, 1,4 мың топырақ өңдеу техникасы және 100-ден астам жоғары өнімді егіс кешені жұмылдырылған. Техниканың орташа дайындығы — 75%, жөндеу жұмысы жалғасуда.

— «Кең дала-2» бағдарламасы аясында көктемгі егіс және күзгі орақ жұмыстарына жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен несие беру жалғасуда. «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының облыстық филиалы және аудандардағы серіктес ұйымдар қаржыландыруды қамтамасыз етуде, сондай-ақ несиелерді «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы да алуға болады. Қазіргі таңда 1,5 миллиард теңгеге несие берілді, өтінімдер қабылдау жалғасуда. Бұдан бөлек, өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 2,1 миллиард теңге бөлінді,—деді басқарма басшысы.

2026 жылға 60 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Тыңайтқыштардың құны 50 пайызға дейін, ал отандық тыңайтқыштар үшін 60 пайызға дейін субсидияланады. Аванстық субсидиялау арқылы фермерлер тыңайтқыштарды төмендетілген бағамен сатып ала алады.

Асқар Жүсібалиев агротехникалық талаптарды сақтамайтын, топырақ құнарлылығын арттыру жұмысын жүргізбейтін және өнімділікті көтеру шараларын қабылдамайтын фермерлерге қойылатын талаптар қатаңдатылатынын ескертті. Бұл талаптарды орындамаған шаруашылықтар мемлекеттік қолдау шараларынан айырылады.

Облыс әкімі жергілікті жерлердегі жұмысты жандандыруды, шаруашылықтармен бірлесе отырып минералдық тыңайтқыш енгізуді және көктемгі егіс науқанына дайындықты ұйымдастыруды, сондай-ақ егіс алқаптарының құрылымын сақтауды және картоп, көкөніс пен жоғары рентабельді дақылдар егістіктерін кеңейтуді тапсырды.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button