Өнегелі өмір

Өз заманының өнегелі азаматтарының бірі атанып, ел басқару, халықпен жұмыс істеу ісінде мол тәжірибеге ие болған, кадрларды тәрбиелеуде талай жасқа жақсы үлгі танытқан Төлеу Алдияровтың есімі жалпы облыс көлемінде, оның ішінде өзі қызмет атқарған Темір, Шалқар, Қарабұтақ аудандарында әлі күнге дейін ерекше құрметпен еске алынады.
Биыл оның туғанына 100 жыл толып отыр.
Өнегелі өмірдің ғибраттары ізін суытпай, ұлағатты ұстаным ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Өмірбаян жолымен
Төлеу Алдияров 1926 жылдың қаңтар айында Алға ауданының Темірей деп аталатын елді мекенінде дүние есігін ашады. Әкесі Сүлеймен кедей шаруа адам болған, анасы Ақкүміс отбасының шырайын келтірген ақжарқын жан ретінде ел есінде сақталыпты. Өкінішке қарай, екеуі де өмірден ерте өтіп, бала Төлеу туыстар қамқорлығында болғанымен, ата-ана мейіріміне сусап өседі.
Орта білімді Ақтөбе қаласындағы №6 мектепте алады. Мектепті бітірер-бітірместен соғыс басталып кетіп, еңбек жолын нотариалдық кеңседе хатшы болып бастаған ол жедел түрде әскер қатарына шақырылады. Оңтүстік Орал әскери округіне қарасты арнаулы запастағы полкте қызмет атқарып, ел қорғауға байланысты жауынгерлік дайындықтан өтеді. Алайда денсаулығына байланысты әскер қатарынан босатылып, 1943 жылы елге оралады. Қайтадан заң органдарына қызметке орналасып, бастапқыда есепші, сосын адвокат қызметтерін атқарады. Адвокаттар коллегиясында жұмыс істейді.
Осындай қызметтер атқара жүріп, Ақтөбе мұғалімдер институтына қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түседі. Сол тұста облыстық партия комитеті оны Алматыға, Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті қарауына қызметке жібереді. Бұл жерден бас қалада жасақталған №35328 арнайы әскери құрамға алынып, әуелі Алматының Тастақ ауданында, сосын Шығыс Қазақстан облысының Қызыл Жеменей елді мекенінде арнаулы әскери дайындықтан өтеді.
Елге шығыс жақтан да қауіп төнген 1945 жылдың басында ол қызмет етіп жүрген құраманы Жаркент қаласы маңынан Қорғас өзені арқылы Қытайдың Синцзянь ұйғыр автономия ауданына өткізеді. Осында Төлеу Сүлейменұлы автоматшылар взводын басқарады, барлаушылар нұсқаушысы болады. Қытайдың Гоминдань әскерлеріне қарсы соғыс операцияларына қатысып, ерлік көрсетеді. Бұл шайқастар мемлекеттік тапсырма шеңберінде өтіп, құпия жағдайда жүргізіледі.
Синцзянь провинциясының Шипанзе, Құлжа, Шихо, Манас және басқа шаһарлары айналасында өткізілген жауынгерлік операциялар кезіндегі ерлігі Төлеу аға Шығыс Түркістан республикасының орденімен марапатталады. Сол уақыттарда онымен бірге әскери сапта Ғайса Дүйсенбеков, Әбдірахман Үркенов, Хасен Бөртебаев, Мұхамбетжан Нұрпейісов, Шалабай Ерғалиев секілді ел азаматтары болған.
Халықаралық жағдай біршама тынышталып, елге тыныштық орала бастаған 1946 жылдың басында елге оралған ол облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы қызметін атқаруға кіріседі. Бұл оның облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуының кіріспесі іспетті еді.
Содан кейін көп ұзамай Алға аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Аудан жастарын екі жыл бойы жалынды істерге ұйымдастырып, сол кездің сөзімен айтсақ, партияның сенімді қолғанатына айналдыра білген ол 1948 жылдың мамыр айында Ақтөбе қалалық қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне тағайындалады.
Өмірбаян жолына үңілгенде Төлеу Алдияровтың Темір, Шалқар, Қарабұтақ аудандарын басқарған жылдары ерекше назар аударуға тұрарлық. Бұл кезеңде аталған өңірлердің экономикасы айтарлықтай нығайып, көптеген әлеуметтік мәселе оңтайлы шешілді. Осы аудандардан кейін облыс көлемінде көрнекті қызметтер атқарған әлеуетті кадрлар өсіп шықты.
Төлеу аға өмірінің соңғы жылдарында облыстық қаржы бөліміне басшылық жасап, өзінің білімі мен тәжірибесін өңірдің маңызды да күрделі проблемаларын оңтайлы шешу үшін қаржыландыруға жұмсады.
Төлеу Алдияровтың көп жылғы қажырлы еңбегі Октябрь революциясы, екі рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальмен атап өтілді.
Шалқар қаласында Төлеу Алдияров атындағы көше бар.
Көзкөргендер айтқан еді…
2002 жылы Төлеу Алдияров туралы «Өнегелі өмір» атты естеліктер жинағы жарыққа шықты. Сонда асыл аға туралы ойын айтып, жылы сөздерін ортаға салған көзкөргендердің де біразы бұл күнде ортамыздан алыстап кетті. Дегенмен, соңдарында лебіздері қалды.
Жиырма жылдың үстінде облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы жөніндегі салалық хатшысы болған Кеңес Нокин былай депті: «Төкең ой мен істегі қабілеті, кісілік биіктігі, парасаты арқылы ел аузына ерте іліккен азамат еді.
Мен Төкеңмен бірге Шалқар ауданында қызмет еттім. Ол 1962-1964 жылдар болатын. Сол кезде бұрынғы аудандық құрылымдар іріленіп, аймақтық басқармаларға айналды да, бұрынғы билікті бөлді. Маған сонда Шалқар аудандық өндірістік басқармасының бастығы міндеті жүктеліп, Төлеу басқарма партия комитетінің хатшысы қызметін атқарды. Мен оның азаматтығын да, іскерлігін де, беделін де осы кезде айқын таныдым. Төкеңнің жігерлілігі, төзімділігі, мұқияттылығы, істің оңтайын таба алатындығы сондай байқалған».
Облыстағы көптеген кадрдың ұстазы, тәлімгері болған Пана Оралбаев өзіне іні санаған Төлеу Алдияровқа жоғары баға беріпті. «Төлеу — өте ақылды, іскер, ұйымдастыру қабілеті жеткілікті басшы болды.
Төкең қызмет атқарған жылдары Шалқар ауданының ауыл шаруашылығы саласы өркендеп, экономикасы артты, мәдени-ағарту, денсаулық сақтау бағыттарында көптеген жаңалық енгізіліп, халықтың тұрмыс жағдайы жақсара түсті. Ол елдің батасын алған, ойшыл, қиын мәселелерді шешуде тапқыр, алғыр басшы болды» деп ізгілікті көңілден шыққан лебізін ортаға салыпты.
Өзі де облыстың бірнеше ауданын басқарған, облыс деңгейіндегі жоғары лауазымды қызмет тізгінін ұстаған Рамазан Нұржанов ол кісінің ұстаздық ұлағатын алға тартады: «Бірге қызметтес болған уақытты айтпағанның өзінде, қандай жұмыста болсақ та, қай ауданда жүрсек те байланысымыз үзілмеді. Бірге тумасақ та, туған аға-інідей болып кеттік.
Төкең — өз өлкемізде ғана емес, республика көлемінде танылған үлкен азамат. Екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды және сол мерзімде халқына, еліне пайдалы еңбек ете білді.
Төкең көнелік, аталық сүбелі әңгімелерді жақсы көретін, сүйіп тыңдайтын, естігендерін есте сақтайтын, сонымен бірге жанында сапарлас болғандарға қайталап айта жүруді ұнататын».
Қарабұтақ аудандық партия комитетінде бірге қызмет атқарған еңбек ардагері Құбайдолла Бітіков былайша естелік айтады: «Төлеу Алдиярұлы — елге адал қызмет еткен, адамгершілігімен, қарапайымдылығымен көптің құрметіне бөленген азаматтың бірі. Бір мақсат жолында еңбек етіп, талай жауапты кезеңді бірге өткердік. Ол кісі өте мәдениетті, жүрегі кең, жаны жайсаң, айналасына жылу сыйлай білетін жан еді…
Халық оны ерекше сыйлады. Ешқашан дауыс көтеріп, қатты сөйлегенін көрмедік. Сабырлы мінезі, әділдігі мен кішіпейілдігі ел жадында сақталып қалды».
«Төлеу Алдияров саналы ғұмырын мемлекетке, халыққа қызмет етіп, ел сүйіспеншілігіне ие болды, артына жақсы із, ұмытылмас сөз қалдырды. Ісімен де, сөзімен де ескі мен жаңаны, халық дәстүрі мен партияның саясатын ұштастыра отырып, іскерліктің, білімділіктің, шебер ұйымдастырушылықтың үлгісін көрсетті. Өзінің қатарларына, кейінгі буындағы жастарға үлгі болған тамаша адам еді», — дейді оның тәрбие мектебінен өткен шәкірттің бірі, Шалқар ауданының құрметті азаматы Саудағазы Есбосынов.
КӨПТІҢ ҚАДІРЛІ АДАМЫ ЕДІ…
1973 жылы Төлеу Алдияров ағамыз Қарабұтақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Ол кісімен бірге жаңаша леп, өзгеше өзгеріс қатар келді. Заман талабы орысша болғандығына қарамастан, аудандық партия комитетінің бюросы қазақша өтетін болды. Артық айқай-шу жоқ, партия аппаратындағылар не істеу керегін Төкеңнің көзінің қарасынан, қимылынан ұғатын еді. Бұған дейін облыстағы шаруашылықтары ауқымды, күрделі Шалқар ауданын он жылдай басқарған ағамыздың, шынында да, тәжірибесі мол, біліктілігі бекем еді.
Ол кездері аупарткомның бюросына талқыға түсуге келген адам қандай да жазаға мойынсынып, жанын шүберекке түйіп келетін. Ал, бір таңғаларлығы, Төкеңнің алды кең, қабағы ашық болып отыратын. Көп тыйым салу, адамның намысына тию, зәбірлеу, жекіру, сөгу, жазалауды алдына мақсат етіп қоймайды екен. Соның өзінен оның алдынан өткен адам жауапкершілігін бұрынғыдан да гөрі терең сезініп, мойнынан міндет арқалап шығатын.
Мынадай жағдай есімде қалыпты. Бірде Төкеңнің алдында өткен жиналыста аудан прокуроры Н.Сабырғалиев «малды көп шығынға ұшыратқан малшыларға қатаң шара алып, істерін сотқа беремін» деп айқай шығарды. Сонда Төкең прокурорға бір қарап, кабинеттің төбесіне бір қарап, «прокурор жолдас, аспандап кеттіңіз ғой, біздер төменде қалып қойдық, шамалы төмендеп ұшсайшы, сіз бәріне статья тауып берерсіз, бірақ бізге малшы тауып бере алмайсыз ғой» деп оны сабасына түсірді.
Төкең ағамыз қазақы қалжыңға, қағытпа сөздерге өте шебер әрі ұтырлы пайдаланатын. Тағы бір ерекшелігі — домбыраны жақсы тартатын, ән-жырға әуестігі басым еді. Клубта өтетін оқушылардың концертіне дейін барып қарап отыратын.
…Бірде Төкеңнің шақыруымен үйіне барғанмын. Үстінде қазақы шапан, қолында — жап-жаңа домбыра, өзгеше қалыпта отыр екен. Бірінші хатшының мұндай күйіне таңғалдым. Ол қолындағы домбыраны балаларының Алматыдан беріп жібергенін айтып, «сені Балқы Базардың ұрпағы дейді, атаңның мақамын қос» деп маған ұсынды. Шегінуге жол жоқ, шама-шарқымша екі терме орындап бердім.
Иә, Төкең осындай жан-жақты адам еді.
Ағыбай БЕРДІМҰРАТОВ,
ауыл шаруашылығы саласының ардагері.
Рухани қазынаның іздеушісі
Төлеу аға елде басшы болған тұстарда өзінің міндетті мемлекеттік қызметімен қатар, халықтың рухани дамуы мен жан-жақты жетілуі жолында да аянбай ізденіп жүрген адам ретінде есте қалады.
Шалқар ауданында басшылықта болған тұсындағы бір ұстанымын оның мына сөздерінен анық байқауға болады.
«Осы елдің бір аузында сөзі бар, көкірегінде көсемдігі бар, жер, ел тарихын жақсы білетін ақсақалын, адамгершілігі мол азаматын білу, олармен танысу — бір арман, бір үміт. Аяққұмда — Дәде, Әбдіғали, Қауқа, мына Ақбауырда — Жұбан, Ордақонғанда — Жұбай, Шәді, Іскендір, Қабырға құмында қазақтың Буденныйы атанған Таспан, Қопасорда — Айтуған, Әбдіхалық, Саралжынды көлде — Құлмырза, Соленыйда — Сүйеубай, Тауда — Тілеулес, Талдықұмда — Алдияр, Жылтырда — Қанаш, Базарбай, Кішіқұмда — Есет батыр жиені Батырхан» деп ел жақсыларын іздеп жүретін аудан басшысы алтын көмей ақсақалдарды сөйлетіп, арасында қоңыр домбыраға ерік бергізіп, күй, терме, халық жырларын үлкен ықыласпен тыңдауды жөн көретін болған.
Сондай ретпен әдемі әнімен өмірден зарлап өткен Әлима Қабылқызының мұралары туралы тереңдеп білгісі келіп, қазақ қызының мұңын бүгінге жеткізуші Оспан Мақатовты іздеп жолға шығады. Байдың қызы болып бұлаңдап өскен Әлима ару бой жеткен соң қалың малдың құрбаны болып, сүймесіне еріксіз ұзатылып кете барады.
Ауылым Жыландының қабағында,
Жарқылдар алтын түйме тамағымда.
Аққудай қалықтаған Әлима едім,
Қор болып күйкентайға барамын ба? — деп келетін ұзақ дастанды шаруашылықта есеп қызметкері болып істейтін замандасының аузынан талмай тыңдап, бір жағынан өзі де қуғын-сүргіннің құрбаны болып, жастық кезеңін қысымда өткізген Оспан ағаның мұңына ортақтасады.
Төлеу ағаның басшылығымен кең көлемде ұйымдастырылған және бір шараны айта кеткен жөн болар. Белгілі композитор, үлкен өнер қайраткері Ахмет Жұбановтың алпыс жасқа толу мерекесі Шалқар жерінде айрықша атап өтілді. Академикпен өткен кездесу кешінің жұртшылыққа сыйлаған әсері ұшан-теңіз болған. Алматыдан той иесімен бірге келген еліміздің танымал өнер шеберлері сахна сәнін келтіріп, халықтың ілтипатына бөленген. Шалқар қаласының жағасы киіз үйлер тігіліп, салтанатқа жиылған қалың қауымның ортасында Ахмет атаның астына ат мінгізіп, құрмет көрсетіледі. Бұл өнер мерекесі, ғасырда бір туар өнер иесіне жасалған ілтипат-ізет елдегілердің жадында ұзақ уақыт сақталып қалды.
Әулет жалғастығы
Төлеу аға 1948 жылы Күләй Үмбеталықызымен шаңырақ көтеріп, отбасында бақытты балалар дүниеге келді.
Олардың тұңғыш перзенті Тілеубай көп жыл ұлттық қауіпсіздік комитеті саласында еңбек етті, Ақтөбе, Қызылорда облыстық басқармаларын басқарып, полковник шеніне дейін көтерілді. Оның зайыбы Мәслихат — Ақтөбе қаласындағы танымал кәсіпкердің бірі.
Баян Төлеуқызы — белгілі ғалым-дәрігер, отағасы Серік Ақшолақов — академик, Қазақстанның Еңбек Ері, әлемге танымал нейрохирург.
Сәуле Төлеуқызы жолдасы Айса Нұрпейісовпен бірге тәрбиелі ұрпақ өсірді.
Тілеулес Алматыдағы Қазақ политехникалық институтын бітіріп, мамандығы бойынша абыройлы еңбек етті.
Зәуре Төлеуқызы Ақтөбе педагогикалық институтын бітіріп, теміржол техникумында ұстаздық етті. Кейін кәсіпкерлікпен шұғылданды. Оның жолдасы Патрис Нокин — генерал-майор шеніне дейін көтерілген қоғамдық тәртіп сақшысы, Ақтөбеде облыстық ішкі істер департаментінің бастығы,Ішкі істер министрлігінің көші-қон комитетінің төрағасы болды.
Қасымбек Қазақ мемлекеттік унверситетінің механика-математика факультетін бітіріп, Алматыда еңбек жолын бастады. Одан кейін Ақтөбеге оралып, бірнеше колледжде директорлық қызмет атқарды. Физика-математика ғылымдарының кандидаты доцент.Ол зайыбы Майра екеуі балаларына жақсы тәрбие беріп жүрген өнегелі отбасы.
Кенжесі Әсел отбасының ерке де сүйкімді қызы болып өсті.
Төлеу атаның Нұртас бастаған немерелері бәйтеректің жапырақтары сынды жайылып, әулет аймағын кеңейтті.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.



