Ерте есейген ұрпақ

Қазақ баласы орайы келіп тұрса, өзінің туған өлкесіне айналып бір соғып тұруға құмар. Сондай сәтті сапарлардың бірінде Шалқардың сыйлы азаматтарының бірі Жеткерген Елемесов ағамыз бен оның зайыбы Нағима Тілембаева елдің ақсақалдары мен ағайын-туыстарына, қатарларына дастарқан жайып жатқан үстіне түстім. Үлкендерді жағалай амандасып келе жатқанымда Қартбай аға Қабақбаев көзіме оттай басылды. Шынымен, Жарылқаған әкем тіріліп келгендей абдырап, божырап қалсам да, қуанғанымды айтсайшы! Әкемнің көзін көрген, бірге қызметтес болған, бір-екі жас демесең, замандас әрі қатары (қазір олар өте сирек). Осы кездесуге себепші болған Жеткерген аға мен Нағима жеңгейге алғыстан басқа айтарым жоқ еді.
Қартбай ағаның есіміне ес білгелі қанықпын. Папам (әкемізді солай атадық) отбасы дастарқанында өзіміз болып отырғанымызда Қуандық Ақшолақов, Тауман Төреханов, Задагерей Мұстафин, Фахат Беркімбаев, Төреғали Өтегенов, Мұстай Өтемұратов, Шудабай Тақаев және осы Қартбай аға сияқты өз қатарлары, әріптестері, елдің ағалары туралы айтып отыратын. Олардың қай-қайсысы да менің бала санама аудандағы ірі тұлғалар, папамның жолдастары, жанашырлары, ең жақын шынайы достары ретінде сіңісіп қалған. Мына тосын кездесуде Қарт-ағамен тілдесіп қалуға асықтым.
— Ғалымжан-ау, мен де, менімен жасы қарайластар да өткен ғасырдың отызыншы жылдары дүниеге келген перзенттерміз ғой. Қазақ халқының басына келген алапат нәубет — ашаршылықты біз, менің қатарларым, «ала келгендейміз», — дейді аға мұңайып. — Бірақ «Бір төл туса, бір түп жусан артық шығады» деп, тек жақсылықты көздеген ата-анамыз босағада мөлиіп тұрған ашкөз аштыққа қарамастан, бізден, перзенттерінен, мейірім мен қамқорлығын аяп қалмады.
Енді-енді ес біліп, етек жауып үлгермей Екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетті. Балалық шақ дегеннің не екенін білмей өскен біз бірден ересек болып шыға келдік. Ел ішіндегі жұмысқа жарамды ер адамдарды соғысқа алып кеткен соң, біз солардың орнын бастық. Аш құрсақ, жартылай жалаңаш жүрген балаларда қандай әл-дәрмен болсын, ісіміз де шала, аналарымыздың көңілі нала. Соған қарамастан, тәулігіне 5-6 сағат қана тынығып ұйықтайтын болармыз, қалған уақытта ұжымшардың шаруасында жүреміз. Ерте есейдік қой, сонау-сонау алыста әкелеріміз бен ағаларымыз майданда өлім мен өмірдің ортасында қан кешіп жүргенін сеземіз. Соғысы жоқ демесе, «мылтықсыз майдан» шебіндегі ауылда «шаршадық» деп айтуға ауыз бармайды.
Бәрін мойындап, жұмысқа әбден жегіліп болғанбыз. Тұрмыс жағдайымыз да келісіп тұрған жоқ. Баспанамыз — шымнан қаланып салынған, төбесі құмда өсетін жиде ағашы, тал мен шыбық, шілік және қамыспен жабылып, лай құйылған жатаған үй. Есігі — киіз, терезесі — қойдың қарны. Шаруаға пайдаланатын көлігіміз — түйе, ат, өгіз, олар аздық етсе, жұрттың қатық қылып отырған сауын сиырына да қамыт кигізіледі. Жер жыртуға да, ауыл әйелдері мен балалар орақпен орып, шалғы салып дайындаған шөпті тасуға да соларды пайдаланамыз. Сен өзің Тауман Төреханов ағаңның «Көз көргендер» романын оқыдың ғой, тура сондағыдай болған.
Сол замандары өзіммен бірге жастайынан ашаршылық пен соғыстың тертесіне жегілген замандастарымның басымы о дүниелік. Олардың атын атай кетейік, аруақтары разы болсын. Олар Қапан ағам Мұқанов, Ізмұхан Қарасаев, Қалдыбай Сүйеумағамбетов, Қыдырбай Сейітмұратов, Әбілқайыр Құдабаев, Қапар Дүйсембин, Қаният Обаев, Әмин Мұхамбетов, Ілияс Сыдықов, Рысқали Мұхамбетова, Тәрбия Көрпебаева, Сапа Көрпебаев, Құлыш Ниязмағамбетов, Шәріп Қойшыбаев, Жүкәш Дабылов, Мұхат Айнағұлов, Құлдықби Ізмағамбетов, Әліш Тілеубаев, сосын Мұхамбетқали мен Аймағамбеттер сияқты азаматтар еді. Бәрі де көз алдымда. Кей кездері өлі мен тірінің арасындағы сол сәттер, адамдар түсіме кіреді.
Мұның бәрін неге айтып отырмын?! Қазіргі ұрпақ жақсы мен жаманды ажыратып, мына өмірдің бағасын білсін дегенім ғой. Бүгінгінің жастарына білім, ғылым, ізденіс және еңбек жарасады. Басқасы бекер! Ұлтымыздың, қазақтың жанашыр тұлғалары да осылай деген… — деді де, көңілі босап, көзі жасқа шыланып, арбасымен кері айналмақ болды. Мен 100-ге таяған Қарт-ағаның жанарына қарай алмадым, ол да көрсете қойғысы келмеген сияқты.
***
Қартбай Жұмағалиұлы қазіргі Мөңке би ауылында 7 кластық білім алғаннан кейін соғыс аяқталып, ел-жұрт ес жинай бастаған тұста 19 жасында Темір зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын үздік бітіріп шықты. Менің папам да осы оқу орнынан арнайы білімді мамандық алған. Іш жақтан (Ресейден) келген аса сауатты оқытушылар сабақ берген. Ел басқарған олардың замандастарының бірқатары осы техникумда оқыған. Қарт-ағамыз техникуммен шектелмей, Алматының зоотехникалық-малдәрігерлік институтынан жоғары білімді мал дәрігері мамандығын алып, Шалқар машина-мал шаруашылығы стансасында бас мал дәрігері жұмысына кіріскен еді. Ол кездері жоғары білімді азаматтар санаулы ғана. Сондықтан ауданда іскерлігімен, еңбегімен көзге түсе бастаған Қартбай Жұмағалиұлын аупарткомның бірінші хатшысы Нұрмағамбет Құлмұхамедов «Жамбыл» ұжымшарын басқаруға жіберді. Мұның алдында бұл ұжымды аты аңызға айналған, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне екі рет депутат болып сайланған Жұмабек Дүйісов басқарғандықтан 29 жасар коммунист Қ.Қабақбаевқа жауапкершілік жүгі едәуір салмақтырақ еді. Осы шаруашылықтағы бес жылғы басшылық жұмыста ағамыз шаруашылық жұмысына ысылып қана қоймай, ұжым басқарудағы айрықша қабілетін де танытты. Бұл кезде ұсақ ұжымшарлар ірілендіріліп, жаңадан құрылған «Сарыбұлақ» кеңшарында бас мал дәрігері қызметін атқарып жүргенде аудан басшысы Төлеу Алдияров Қартбай Жұмағалиұлын Мұғалжар жылқы кеңшарына директор қылып тағайындады. Бұдан кейінгі жиырма жыл уақыт аралығында Қарт-аға Шалқар ауданында малдәрігерлік станса, бактериологиялық зертхана, мал дайындау, соңғы технологиямен салынған ет комбинаты, шикізат дайындау мекемелерін басқарды. Мал дайындау мекемесінің директоры болған тұста Шалқардың теріскей жақ бетінен қырық шақырымдай шөбі шүйгін, малға жайлы жерден Қара құдық деп аталатын мал жайлау кешенін салдырды. Мұнда мемлекетке дайындалған ірі қара мал бағылатын. Оның өзі бір үлкен ауыл болып көрінуші еді.
Қазір Қартбай Жұмағалиұлы соңғы қырық жылға жуық уақыттан бері құрметті демалыста. Шалқар ауданының құрметті азаматы. «Құрмет белгісі» орденінің және бірнеше құрметті атақтар мен марапаттар иесі. Үлкенді ұлықтай алатын, кішіге ізетшіл аудан басшысы Жанболат Жидеханов жақында Қартбай ақсақалға сый-сияпатымен сәлем бере барғанда Қарт-ағамыздың көңілі жайлауға көшкен жұрт секілді көл-дария күй кешті, батасын берді. Ал ауданның бас дәрігері Есенғали Көпенов «отыздықтардың» жәдігеріндей көрінетін ақсақалдың тамырынан қол үзбей, денсаулығына қамқор болып келеді.
Қартбай ақсақал жан серігі Несібелі апайды ақтық сапарға жөнелткелі бері ұлы Мұхтар мен келіні Назеркенің аялы күтімінде. Тумысынан педагог Қанымай мен қоғамдық тамақтандыру саласының маманы Мәркен қарындастары, физика-математика ғылымдарының докторы Сәтбай інісі бұ дүниеден озды. Ал Жанғабыл інісі мен Бәдигүл келіні алды ақ жайлау ағаның хал-жағдайынан күнбе-күн хабардар болып отырады. Жанғабыл Қабақбаев елімізге белгілі құрметті журналист, тіл жанашыры болса, Бәдигүл жеңгей-шаңырақ табалдырығын аттаған қызырлы қонаққа жайған дастарқаны жиылмаған, ас-дәмі үзілмеген бал бармақты, сөзі салмақты жан.
Ғалымжан ТӨРЕХАНОВ.
Қазақстанның құрметті журналисі.



