Жаны жайсаң журналист

Адам да табиғаттың бір перзенті іспетті: дүниеге келеді, өсіп-жетіледі, білім алады, отбасын құрады, ұрпақ өсіреді, жұмыс жасайды. Ақырында әркім әл қадари-халінше адами парыздарын атқарып, мына жалған дүниемен қоштасады.Бірақ өмір жалғаса береді.
Өткен жылдың желтоқсан айында аудандық «Темір газеті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры әрі бас редакторы, Қазақстанның құрметті журналисі, Темір ауданының құрметті азаматы Меңдіхан Әділханұлы осындай өмір жолдарынан өтіп, бақилық ғұмыр кешті.
Ол Байғанин ауданының Доңызтау өңірінде соғыстан кейінгі елге бейбіт заман орнаған кезде дүниеге келіп, оқып, білім алып, әскер қатарында азаматтық борышын өтеп,1978 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін баспасөздегі еңбек жолын Темір аудандық «Жұмысшы туы»-«Рабочее знамя» газетінде тілші болып бастап, біраз жыл редактордың орынбасары қызметін атқарды. Газет жұмысы әсте оңай емес. Мұнда сегіз сағаттық жұмыс күні деген болмайды. Осы мамандыққа өзін арнаған адам уақытпен санасуды ұмытады.
Меңдіхан Әділханұлы ел егемендігі туын көтеріп, сонымен қатар нарықтық қатынастар үстемдік ете бастаған қиындау кезеңде — 1993 жылы газет тізгінін қолына алды. Қағаз тапшылығы, қаржы жетіспеушілігі, басқа да талай мәселелер туындаған кезеңдерден ол өзіне тән сабырлы қалпымен, істің ұтырын тауып, икемді қимыл жасай білу қабілетімен сүрінбей өтті.
Сол жылдарда мен аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарғандықтан, осы сала бойынша біздер тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасадық.Мәкең билік органдарымен, қоғамдық, саяси ұйымдармен, жалпы аудан жұртшылығымен біте қайнасып,ауданныңәлеуметтік-экономикалық, саяси өміріне тікелей араласып, түрлі тақырыптарды кеңінен қамтып, өзекті жайларды газет бетінде жариялап отырды. Әр жылдары газет редакциясында жас журналистер жұмыс жасап, Мәкеңнен тәлім-тәрбие алды.
Ол білікті редактор болумен бірге, қаламы қарымды журналисте те еді. Қоғамда орын алған кейбір мәселелер, салт-дәстүр, тарихи, қоғам қайраткерлері туралы құнды материалдары облыстық, республикалық баспасөз беттерінде ұдайы жарық көрді. Тағы бір ерекшелігі — қалам қарымын поэзияда да сынап көрді. Бір жылдары облыстық ақындар айтысының жеңімпазы атанды, «Сағымды дала саздары» деп аталатын өлеңдер жинағы жарық көрді.Бір әңгімелесіп отырғанымызда, Мәкең тағы бір өлеңдер жинағын дайындап қойғанын, өзінің үзбей естелік жазып жүргенін де айтқаны бар-ды.
Жоғарыда айтып кеткенімдей, мен қызмет бабымен сонау жетпісінші жылдардың аяғынан газетпен, оның редакторларымен, орынбасарларымен тығыз жұмыс жасадым. Ол кезде газет екі тілде, аптасына үш рет шығатын.Газеттің уақытында,сапалы, мазмұнды шығуына редактор тікелей жауапты болатын. Осындай жағдайда Мәкең газет, баспахана қызметкерлерімен, штаттан тыс тілшілермен тіл тауып, мәселені оңтайлы шешіп отыратын. Газет бетінде жарияланатын материалдардың нақтылығына, әсіресе сын материалдарға үлкен көңіл бөлетін. Сондай-ақ ол штаттан тыс тілшілермен, әдебиетке, әсіресе поэзияға жақын мектеп оқушыларымен,жастармен, тығыз байланыс жасап, олардың шығармаларын газет бетінде жариялауды дағдыға айналдырды.
Оның журналистикадағы жемісті еңбегі Қазақстан Журналистер одағының дипломымен атап өтілді.
Сондай-ақ білікті журналист ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай Мемлекет басшысының Алғыс хатымен, «ҚР Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалімен, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдық, 25 жылдық мерекелік медальдарымен марапатталды.
Мәкең ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, бірнеше мәрте аудандық кеңестің, аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Ол әр жылдары шыққан Темір ауданы энциклопедиясының сапалы дайындалуына үлкен үлес қосты.
Меңдіхан Әділханұлы үнемі салауатты өмір салтын ұстанып,соңғы отыз жыл көлемінде ауа райының қандай екендігіне қарамастан, қысы-жазы күнде таңертең ерте тұрып, жеті-сегіз шақырым жаяу жүретін. Спортпен де тұрақты айналысып, соңғы кезге дейін волейболдан аудан ардагерлер командасының құрамында ойнады. Жетпіс жастың үстіне шыққан шағында бірнеше рет бильярдтан аудан чемпионы болып, облыстық жарыстарға қатысып жүрді.
Мәкең зайыбы Бибіхан екеуі үлгілі ұл, қыз өсіріп, немере, шөбере сүйді, ағайын-тумаларымен тығыз араласып, ақыл-кеңесін айтып отырды.
Мектеп бітірген бойда, бозбала шағында Сағи Жиенбаев атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жас буынды тәрбиелеуді, адамдарға ізгілік сабағын беруді өмірлік мұраты деп ұғынған ол баспасөз саласындағы жарты ғасырға жуық қызметінде де сол бағытынан айныған жоқ.
Сенің жұмсақ жүрісің, ақырын жымиып күлісің,адамгершілік қасиеттерің сені білгендердің, сенімен қызметтес болғандардың есінде ұзақ уақыт сақталады.
Нұрмұқан ӨТЕПОВ,
мемлекеттік қызмет саласы ардагері.



