Мемлекеттік қызметшілер эссе жазды

Байқау
Шалқар аудандық ішкі саясат бөлімінің бастамасымен мемлекеттік қызметшілер арасында эссе жазудан байқау өтті.
Сайыстың басты мақсаты — мемлекеттік қызмет өкілдерінің ел тарихына, тәуелсіздік құндылықтарына деген көзқарасын, азаматтық жауапкершілігін және патриоттық сезімін шығармашылық тұрғыда көрсету. Қатысушылар тәуелсіз Қазақстанның даму жолы және
елге қызмет ету тақырыптарында мазмұнды эсселер ұсынды. Байқау жеңімпаздарына Алғыс хат табысталды.
Сондай-ақ Республика күніне орай қалада өзге де шығармашылық байқаулар ұйымдастырылды. Мәселен, 5-11 сынып оқушылары арасында Егемендік декларациясының қабылданғанына 35 жыл және Конституцияға 30 жыл толуына арналған мәнерлеп оқу сайысы ұйымдастырылды. Оқушылар елдік пен еркіндікті жырлаған шығармаларды тебірене оқып, көркемсөз оқудан шеберліктерін көрсетті. Үздік өнер иелеріне аудан әкімі Жанболат Жидехановтың атынан диплом және бағалы сыйлық табысталды.
Ал бастауыш сынып оқушылары арасында өткен көркемсурет байқауы жас суретшілердің шығармашылық қабілетін ашуға бағытталды. Оқушылар Отанға деген сүйіспеншілігін қылқалам арқылы бейнелеп, көрермендерді әсерлі туындыларымен тәнті етті. Нәтижесінде үздіктер Алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Мұндай игі бастама жастардың шығармашылық әлеуетін арттырып қана қоймай, елге деген сүйіспеншілік пен патриоттық рухты қалыптастыруға септігін тигізеді.
К.ҚОПАЕВА.



