Саябақты тазалады


Ақтөбенің ескі бөлігіндегі Қаржыгерлер саябағында тазалық жұмысы жүргізілді.
«Таза Қазақстан» акциясының аясында ұйымдастырылған іске Ақтөбе гуманитарлық-техникалық колледжі, «Болашақ» колледжі, М.Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжі, т.б. орта арнаулы оқу орындарының студенттері, ерікті жастар, барлығы 60-қа жуық адам қатысты.
Облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Заманай Қайнарұлы:
— «Таза Қазақстан» — экология мен тазалықты қолдауға бағытталған акция. Ал тазалық ең алдымен денсаулық үшін қажет болса, сонымен қатар мәдениеттің де көрсеткіші екені түсінікті. Сондықтан бұл іске жастарды жұмылдырудың маңызы зор. Тазалық жұмысынан бөлек, жастар тал егуге де қатысып жүр, сонымен бірге «Ардагерлерді ардақтайық» акциясының аясында жалғызбасты қариялардың үйін, ауласын жинастырып, басқа да жұмыстарына көмек көрсетіп келеді. Жыл басынан бері 109 адамға көмек көрсетілді, — деді.
Қаржыгерлер саябағы шағын болғанымен,жұрт әрлі-берлі ағылып жататын жер. Түрлі жылтырақ қағаз, целлофон қалта сынды қоқыстан бөлек, күзгі жапырақтар да жиылып қалыпты. Қолына тырма, сыпырғы, күрек ұстаған жастар жолдарды, ағаштың түбін әп-сәтте тазалап шықты.
А.САРЫБАЙ.



