Жаңалықтар

Меншік құқығы мен тұрғын үйге қол сұқпаушылық кепілдіктерін Конституцияда нақтылау керек – депутат

АСТАНА. KAZINFORM – Меншік құқығы мен тұрғын үйге қол сұқпаушылыққа берілетін кепілдіктер – азаматтардың мемлекеттің өз құқықтары мен заңды мүдделерін нақты өмірде қаншалықты қорғайтынын айқындайтын негізгі өлшемдердің бірі. Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бесінші отырысында Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров мәлімдеді.

Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамада тұрғын үйден айыру тек сот шешімімен ғана жүзеге асырылатыны көрсетілгенімен, тұрғын үйден шығару мәселесіне қатысты нақты конституциялық норма жоқ. Ал бұл жағдай құқықтық белгісіздік туғызып, азаматтар үшін нақты тәуекелдер қалыптастырады.

– Тұрғын үйден айыруға сот шешімімен ғана жол беріледі. Үйге кіру немесе тінту де заңда көзделген нақты жағдайларда ғана мүмкін. Алайда құқық қолдану тәжірибесі тұрғын үйден айыру мен тұрғын үйден шығару ұғымдарының құқықтық салдары әрдайым бірдей еместігін көрсетіп отыр. Конституцияда сот шешімінсіз тұрғын үйден шығаруға жол берілмейтіні туралы тікелей норманың болмауы азаматтардың құқықтарына қауіп төндіреді. Осыған байланысты тұрғын үйден шығару да тұрғын үйден айыру сияқты тек сот шешімімен ғана жүзеге асырылуы тиіс деген қағидатты Конституция деңгейінде бекіту принциптік маңызға ие, – деді депутат.

Мемлекеттік тұрғын үй саясаты тек ірі қалалармен шектелмейді. Ауылдық жерлердегі тұрғын үй құрылысы бағдарламасына да ерекше назар аударылып отыр. Бұл бағыт ауыл тұрғындары ондаған жыл бойы күткен маңызды қадам саналады.

– Ауылдағы тұрғын үйді дамыту әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан ғана емес, ұлттық қауіпсіздік, өңірлік теңгерім және адами капиталды сақтау үшін де аса маңызды. Оның алғашқы депутаттық сауалының дәл осы мәселеге арналуы да символдық мәнге ие, – деді депутат.

Сонымен қатар тұрғын үй мәселесі меншік құқығымен тығыз байланысты. Үйге, жерге немесе бизнеске иелік ету құқығын меншік құқығының сақталуы мен қорғалуына берілетін кепілдіктерден бөлек қарастыру мүмкін емес.

Осы орайда депутат қолданыстағы Конституциядағы «меншік міндет жүктейді және оны пайдалану қоғамдық игілікке қызмет етуі тиіс» деген норманың тым жалпы сипатта екенін айтты. Бұл тұжырым әртүрлі түсіндіріліп, меншік құқығын іске асыру барысында даулы жағдайларға әкелуі мүмкін.

– Сондықтан абстрактілі ұғыммен шектелмей, баршаға түсінікті әрі нақты норманы бекіту қажет. Атап айтқанда, меншік иесінің мүлкін пайдалану қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделеріне қайшы келмеуі, қоршаған ортаға зиян келтірмеуі және өзге адамдардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделерін шектемеуі тиіс екені анық көрсетілуі қажет, – деді Айдарбек Қожаназаров.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров бір палаталы Парламент – Құрылтайға көшу заң шығару үдерісін оңтайландырып, қабылданатын шешімдердің тиімділігін арттыратынын айтқан еді.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button