Жаңалықтар

Сенімді ақпарат көзі, елдің шынайы үні

Біздің оқырман

«Ақтөбе»—өңірдің айнасы, ел өмірінің тынысын дәл беріп отырған беделді басылымның бірі. Мен бұл газетті көп жылдан бері тұрақты оқып келемін. Әр нөмірінен облыстың дамуы, ауыл мен қала тіршілігі, еңбек адамдарының тынысы мен жетістіктері туралы тың мақалаларды табуға болады.

Газеттің ұнайтын тұсы —жарияланымдарында жасандылық жоқ, бәрі шынайы өмірмен тығыз байланысты. Әр мақаладан туған жерге деген сүйіспеншілік, елге деген қамқорлық сезіледі. Әсіресе ауыл-аймақтың мәселесін көтеріп, нақты шешу жолын ұсынатын материалдары мені қатты қызықтырады. Біздің Темір ауданы туралы мақалалар да жиі жарық көреді. Бұл басылым тек жаңалық жеткізіп қоймай, ой салады, талқылауға, әрекетке итермелейді.

«Ақтөбе» газетінің тағы бір артықшылығы —өңірдің қарапайым еңбек адамдарына, ұстаздарға, дәрігерлерге, шаруаларға ерекше назар аударуы. Жастарға үлгі боларлық тұлғаларды насихаттау да маңызды бағытқа айналған.

Бүгінгі ақпарат тасқыны заманында дәстүрлі баспасөздің орны бөлек. Газеттің әр мақаласы архивтік мәнге ие, ертеңгі күнге қалатын тарих. Сондықтан «Ақтөбе»аймақтың рухани өмірін қалыптастырып отырған, қоғаммен етене байланыс орната білген басылым дер едім.

Оқырман ретінде мен газеттің тілі мен стилін, айқын ұстанымын ерекше бағалаймын. Бұл —сенімді ақпарат көзі, елдің шынайы үні. Осындай мазмұнды да сапалы еңбегі үшін редакция ұжымына ризашылығымды білдіремін.

Нұрсұлтан ІЛИЯСОВ,

ардагерлер кеңесінің мүшесі,

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button