Үш ауылға газ барады

Аудан
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Әйтеке би ауданының биылғы жылдың 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспарларына арналған баспасөз конференциясы өтті. Жиында аудан әкімі Дәулетияр Тоғызбаев есеп беріп, маңызды көрсеткіштер мен жобалар жайында баяндады.
Аудан басшысы өз сөзінде экономикада тұрақты өсім бар екенін атап өтті.
Мәселен, өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі 15,9 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 108,9 пайызды көрсеткен. Бұл ауданның өндірістік әлеуетінің артып келе жатқанын білдіреді. Инвестиция тарту бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Аудан экономикасына құйылған инвестициялар көлемі 24,5 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 290 пайыз артқан.
— Ауыл шаруашылығы саласы — Әйтеке би ауданының негізгі тірегінің бірі. Жыл басынан бері осы саладағы жалпы өнім 29 миллиард теңгеге жетіп, өсім 106,9 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш — аграрлық салада жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі. Ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегінің арқасында биыл 133,6 мың гектар егіс алқабынан орта есеппен 8 центнерден өнім жиналды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасы паркі 7-8 пайыз жаңартылып, жұмыс өнімділігін арттыруға үлес қосты. Асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту бағытында да көрсеткіштер оң. Бүгінде аудандағы асылтұқымды ірі қара мал саны — 7012, қой — 11 951 , жылқы — 1106.
Сауда саласында да тұрақты өсім байқалуда. Бөлшек сауда көлемі — 10,3 миллиард теңге, нақты көлем индексі 125,5 пайыз болды, — деді аудан әкімі.
Аудан әкімінің мәліметінше, ауыл шаруашылығы саласына қолдау көрсету әрі қарай да жалғасады. Бұл бағытта жаңа технологияларды енгізу, өнім көлемін арттыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ аудан әкімі осы бағытта ірі жобалардың жүзеге асып жатқанын айтты. Соның бірі —іске қосылған «Жаннұр» шаруа қожалығының бордақылау алаңы. Құны 1 миллиард теңге болатын бұл жоба ет өндірісінің көлемін арттыруға және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға серпін бермек.
Мал шаруашылығы саласын одан әрі дамыту үшін аудан бойынша 2026 жылға екі жаңа мал сою пункті мен элеватор құрылысы жоспарланған.
Инфрақұрылымды дамыту жұмысы қатар жүргізіліп келеді. Бүгінде аудан халқының 86 пайызы, яғни 18 елді мекен табиғи газбен қамтылған. 2026 жылы Ақтасты, Тұмабұлақ және Жабасақ ауылдарына көгілдір отын жеткізу жоспарланып отыр.
Аудан басшылығының айтуынша, алдағы жылдары әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды кешенді дамытуға басымдық беріліп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Баспасөз конференциясында Дәулетияр Тоғызбаев ауданның мәдениет, білім, денсаулық сақтау салаларындағы оң өзгерістерді де айтып өтті. Жиын соңында БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берді.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



