Зауыт салынып, киелі нысандар жөнделіп жатыр

Брифинг
Биыл Алға ауданында 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жыл басынан бері негізгі капиталға тартылған инвестицияның көлемі 43,5 миллиард теңгені құраған.
Оның басым бөлігі — сырттан тартылған және жеке инвестициялар.
Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Жиында аудан әкімі Асланбек Шүйінішәлиев Алғаның биылғы бастапқы 9 ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары жөнінде баяндама жасады.
Аудан экономикасындағы жетекші саланың бірі — ауыл шаруашылығы. Жыл басынан бері бұл сала бойынша жалпы көлемі 17,8 миллиардтан астам теңгенің өнімі өндірілген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 103,2 пайызды құрады. Аудандағы агроқұрылымдардың саны — 493.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі 9 миллиард 470 миллион теңгеден асты. Ауданда жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың бірі — Алға қаласындағы цемент зауытының құрылысы. Бастапқы жұмыстарға жергілікті халықтан 60-тан астам адам тартылған. Сондай-ақ Қарақұдықта, Маржанбұлақта және Тамдыда үш кемпинг құрылысы жүріп жатыр. Ал Үшқұдық ауылында сүт цехын ашу қолға алынған. Бұл жобаның қуаттылығына келсек, жылына 500 тонна сүт өндіріледі деп күтіліп отыр. Ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артып, 3223–ге жетті.
Биылғы ерекше жаңалық — Тікқайың мен Көктоғай ауылдарында сумен жабдықтау нысаны іске қосылып, нәтижесінде ауызсумен қамту көрсеткіші 100 пайыз жетті. Енді Алға қаласында маусымдық су тапшылығына жол бермеу бағытындағы жұмыс қолға алынып отыр. Газбен қамту көрсеткіші — 98,8 пайыз. Алда Жерұйық ауылын газбен жабдықтау жоспарланған, әзірге жобалық-сметалық құжаттар әзірленеді.
Аудандағы бүкіл елімізге белгілі киелі нысан — Есет батыр мемориалды кешеніндегі қонақүйді қайта жаңғырту жұмысы да қолға алынған. Сондай-ақ Тама Есет Көкіұлы ескерткішінің тұғыры жөнделіп, айналасы абаттандырылды. Бұл жұмыстарға демеушілер тарапынан 32 миллион теңге қаржы жұмсалған.
Қарақұдық ауылындағы Шәкен ишан мешітіне газ қазандығын орнату да жүргізіліп жатыр.
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.



