«Тары тариххаты»

Жаңа кітап
Алматыдағы «Balausa baspasy» жақында «Ақтөбе өңірінің еңбеккер халқына тағзым!» деген эпиграфы бар «Тары тариххаты»атты жаңа кітапты жарыққа шығарды. Кітапқа тары өсіруден дүниежүзілік рекордқа қол жеткізген қайталанбас тарихи тұлға, даңқты диқан Шығанақ Берсеұлына қатысты бүгінгі ұрпақ назарынан тыс қалғанбелгісіз һəм маңызды жарияланымдар енгізілген.
Кітап авторы — белгілі қаламгер, ғалым-дипломат, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Журналистика академиясының академигі, Жалпыұлттық «Алтын жұлдыз» дипломының иегері, Шалқар ауданының құрметті азаматы Серікқали Байменше.
Зерттеуші-ғалымға Шығанақ Берсеұлы танымдық жағынан да, тақырыптық жағынан да жақын. Ол өткен ғасырдың сексенінші жылдары Ақтөбе облыстық газетінде қызмет істеді: ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, редактордың орынбасары болды. Республикалық жастар газетінің меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқарды. Сол кезде-ақ тары өсіру мәселесі бойынша зерделі жарияланымдарымен, «Ақ тары Ақтөбенің алқасы еді», «Даңқың қайда, ақ тары?»сияқты проблемалық мақалаларымен көзге түсті.
Серікқали Байменше орыс қаламгері Геннадий Фиштің Шығанақ туралы 1948 жылы Мәскеудің «Новый мир» журналында жарияланған «Человек, сделавшее невозможное» атты көлемді очеркін бірінші рет 1989 жылы «Болмайтынды болдырған адам» деп қазақшаға аударып, баспасөзде жариялады.
Кітапта осымен қатар, даңғайыр диқан өмірінің белгісіз беттерін ашатын, бұған дейін назардан тыс қалып келген Ақымет Ескендіров пен Қанапия Мұстафиннің «Толқыннан туған» очеркі, Шығанақтың «Дүниежүзілік рекордқа қалай жеттік» деп аталатын баяндама сөзі, «Ақ тарының атасы атанған даңқты Шығанақ Берсеевтің шəкірттері мен серіктерінің хаты» берілген.
Мысалы, «Толқыннан туған» — белгілі жазушы-журналист Қанапия Мұстафиннің халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің әдеби хатшысы, соғыста қаза тапқан журналист-ақын Ақымет Ескендіровпен бірлесіп жазған еңбегі.
Бұл кітапта автор Шығанаққа қатысты қалыптасқан «Ақ тарының атасы» деген сөз тіркесі алғаш рет осы мақала арқылы бүкіл елге кеңінен таралды; бұған дейін мұндай сөз сол кездің баспасөзінде жазылған жоқ, жиналыс-жиындарында айтылған жоқ дей келе, қос қаламгерді, әсіресе Қанапия Мұстафинді осынау аталы сөздің авторы депсанайтындығын білдіреді.
Дана Шығанақтың, дара Шығанақтың туғанына 145 жыл толуы қарсаңында шыққан кітап бұрынғыдан өзгеше тың материалдардың жинақталып берілуімен, автордың нақты өзіндік ұсыныстарымен құндыəрі даңғайыр диқанның өмір жолын, тарихи тағылымын одан əрі зерттеп, зерделеуге мүмкіндіктің мол екенін аңғартатын туынды.
Нұрмұханбет ӘБДІЛДАҰЛЫ.



