Аналар алқа тақты

Қала әкімі Азамат Бекет көпбалалы аналарға Президент Жарлығымен бекітілген «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградаларын табыстады. Салтанатты жиынға марапат иелері балаларымен бірге қатысып, ризашылықтарын білдірді.
— Кез келген мемлекеттің болашағы — саналы ұрпақ. Бүгінгі бала — өз Отанының дамуына үлес қосатын елдің ертеңгі азаматы. Ал көпбалалы ана — мемлекеттің алтын діңгегі. Ата-ана тәрбиесі — өмірдің ең маңызды мектебі. Ананың жылуы мен қамқорлығын ешкім алмастыра алмайды. Елімізде көпбалалы аналарға көрсетілетін қолдау жылдан-жылға артып келеді. Бүгінде қаламызда 1265 «Алтын алқа» иегері бар болса, 2466 — «Күміс алқа», 156 —«Батыр ана» және 16024 көпбалалы отбасы бар. Солардың қатары бүгін өздеріңізбен толығып отыр, — деді қала әкімі Азамат Бекет.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау аналардың қоғамдағы мәртебесін арттыруға және ұрпақ тәрбиесіндегі еңбектерін бағалауға бағытталған.
«Алтын алқа» алған 18 ананың ішінде ең үлкені — 68 жастағы Гүлшар Әлиева. Ол — 7 бала тәрбиелеп өсірген, бүгінде оннан астам немеренің әжесі. Ең кіші баласының өзі — 26 жаста.
— Біз тарихи отанымызға отбасымызбен өткен жылы Өзбекстаннан көшіп келдік. Осы уақытқа дейін еленбеген еңбегім елге келген бір жылдың ішінде еленіп жатыр. Ақтөбенің әкімдігі тіркеуге тұрғаннан кейін құжаттарымды сұратып, «Алтын алқа» алуға көмектесті. Рақмет сіздерге, — деді көпбалалы ана.
Оның сөзі көпшіліктің көңілін босатып, жиынға қатысқан аналар зор қошемет көрсетті.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



