Сенсорлық бағдаршам орнатылып жатыр

Ақтөбеде жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында сенсорлық әдіспен басқарылатын заманауи бағдаршам орнатылып жатыр. Бұл құрылғылар жаяу жүргіншілермен көлік қозғалысын қауіпсіз реттеуге мүмкіндік береді. Мәселен, бұрын түймесі бар бағдаршамдар вандализм салдарынан жиі бұзылатын. Ал жаңа бағдаршамда арнайы сенсорлық тақта бар.
— Бағдаршам іске қосылуы үшін алақан белгісімен көрсетілген сенсорлық тақтаны түрту керек. Алайда тақтаны басқаннан кейін бағдаршам сигналы бірден ауыспайды. Себебі құрылғы көлік ағынының қарқындылығына қарай жұмыс істейді. Шамамен 1-2 минут күтуге тура келеді. Жүйе көлік қозғалысына кедергі келтірмей, жаяу жүргіншілердің қауіпсіз өтуіне жағдай жасау үшін арнайы реттелген. Сондықтан тұрғындар осы жайды ескергені жөн. Мұндай бағдаршамдар қалада кезең-кезеңімен орнатылады. Жалпы 48 бағдаршам орнату көзделіп отыр, — деді жол қозғалысы және цифрлық технологияларды қамтамасыз ету орталығының басшысы Еркін Көпенов.
Жоспар бойынша сенсорлық бағдаршамдар Есет батыр көшесіне, Әбілқайыр хан даңғылындағы «Ақтөбе» дүкені жанына және Жұбановтар көшесіне орнатылады.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



