Жаңалықтар

Тасқынның алдын алу —  басты назарда

Өткен көктемде қиындық туғызған қала аумағындағы тұрғын алаптардың бірі—Қурайлы. Сайдың бойында орналасқан елді мекенге көктем сайын еріген қар суы қауіп төндіріп келеді. Ауылдың ортасынан өтетін сай— дала суын жинап, Елек өзеніне құятын негізгі табиғи арналардың бірі. Өткен көктемде осы арнамен келген мол су сайдан асып, жақын маңда орналасқан тұрғын үйлерге едәуір қауіп төндірді.

Төтенше жағдай қайталанбауы үшін биыл Қурайлыда ауқымды инженерлік жұмыс қолға алынды. Су өткізу қуатын арттыру үшін сайдың бойындағы өткелге арнайы бетон құрылғылар орнатылды. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, әрқайсысының биіктігі 2,2 метр, ені 2,8 метр болатын 20 дана су өткізгіш бетон құбыр (лоток) қойылған. Бұлсу арнасының өткізу қабілетін бірнеше есе арттырып, еріген қар суын қауіпсіз өткізуге мүмкіндік береді.

Қала әкімі Азамат Бекет арнайы мамандармен бірге Қурайлыға барып, жасалып жатқан жұмыстармен танысты.

Бұл жұмыстар тек биылмен шектелмейді. Су тасқыны қауіп төндіретін аумақтар толық зерттеліп, кезең-кезеңімен қорғаныс шаралары күшейтіледі. Басты мақсат — тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Өткен көктемде судың екпіні қатты келіп, жан-жақты басып кеткенін көрдік. Жолды бұзып, арнасын ашуға тура келген еді. Қазір орнатылып жатқан бетон еріген қар суының еркін өтуіне мүмкіндік береді деп сенеміз. Бірақ бұл жеткіліксіз. Судың жүруіне кедергі келтіретін барлық бөгет жойылуы керек. Сайдың ішін су тасқыны кезінде құлаған ағаштардан, қураған бұтақтар мен түрлі қоқыстан толық тазарту қажет, — деді әкім.

Мамандардың айтуынша, алдын ала жасалған жүйелі жұмыстар су басу қаупін едәуір төмендетеді.

Бұдан бөлек Қурайлы тұрғын алабының шеткі көшелерінде ойда орналасқан бірнеше үйге көктемгі тасқын кезінде қауіп төнбеуі үшін де нақты инженерлік шешімдер қабылданды. Қазір бұл аумақта су жүретін арна қазылып, оның іші толықтай бетонмен құйылуда.

Аталған жұмыстар аяқталған соң, табиғи саймен келетін еріген қар суы елдімекеннің ішіне емес, арнайы салынған арна арқылы ауылды айналып өтіп, Елек өзеніне бағытталады. Бұл— тек биылғы көктемге емес, алдағы жылдардағы су тасқынына дайындықтың маңызды бөлігі.

Тұрғындар да атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, биылғы көктемнің тыныш әрі қауіпсіз боларына үмітпен қарап отыр.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button