Музей жанындағы гүлзар

Ақтөбе қаласында бос жатқан аумақтарды тиімді пайдалану, оларды абаттандырып, тұрғындар мен қонақтар үшін жайлы кеңістікке айналдыру бағытындағы жұмыс жүйелі жалғасып жатыр. Шаһардың келбетін көркейтуге атсалысып жүрген қала жанашырлары мен демеуші кәсіпкерлердің арқасында бүгінде бірнеше гүлзар пайда болды.
Солардың бірі — Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы Өнер музейінің жанындағы шағын аумақ. Бұрын елеусіз қалып келген бұл кеңістік бүгінде қала тұрғындары мен қонақтары аялдап, тыныстайтын, ерекше атмосферасы бар демалыс орнына айналды. Аталған аумақты абаттандыру жұмысын музей іргесінде орналасқан «Bodrum coffee» кофеханасы өз қаражаты есебінен жүргізді.
Кәсіпкерлік нысан иесі бұл бастаманы қала әкімінің шаһарды көркейтуге бағытталған үндеуіне үн қосу ретінде қабыл алып, бос жатқан жерді жаңа келбетке келтірді. Нәтижесінде аумаққа демалуға арналған орындықтар мен урналар орнатылып, брусчатка төселді. Жасыл желек егу үшін арнайы суару жүйесі жасалды. Кешкі уақытта ерекше көрініс беру үшін декоративті саябақ шамдары да орнатылды.
Бүгінде бұл шағын алаңқай қала тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлап тұр. Әсем безендірілген аумақ тек демалыс орны емес, қала мәдениетінің бір бөлшегіне айналып келеді.
Ақтөбе қалалық әкімдігі мұндай қолдау білдіріп жатқан кәсіпкерлерге алғыс білдіре отырып, бұл игі бастама басқа да бизнес өкілдеріне үлгі болатынына сенім білдіреді.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



