Бастамалар қолдау табады

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті.
Ақтөбе облысы үкіметтік емес ұйымдардың бастамаларын қолдауда алдыңғы қатарда тұр. Жиында азаматтық қоғамды дамыту, консалтингтік қызмет және жаңа әлеуметтік бастамаларды енгізуге қатысты келелі мәселелер талқыланды.
— Кезекті іссапар аясында үкіметтік емес ұйым мүшелерімен кездесіп, әлеуметтік жобалардың іске асырылуы туралы өзара пікір алмастық. Үкіметтік емес ұйымдардың қызметі, іс жүзінде қоғамымыздың маңызы бар барлық саласын қамтып отыр. Әр салада түрлі жобалар іске асырылып жатыр. Жиында мәдени мұраны сақтау, медиация мәселелері төңірегінде ұсыныстар айтылды. Ендігі кезекте аталған ұйым мүшелерінің әлеуетін арттыру бағытында семинар-тренингтерді жиі ұйымдастырамыз, — дейді Айзада Құрманова.
Бүгінде үкіметтік емес ұйымдар ортақ күш-жігердің арқасында азаматтардың мемлекеттік институттар мен заңға деген сенімін арттыру бағытында нәтижелі жұмысымен көзге түсіп жүр.
Ақтөбе облысының «Азаматтық орталығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Әлішер Мәжиттің айтуынша, бүгінде облыста 800-ден астам үкіметтік ұйым бар. Оның 27-сі осы орталықтың қарамағында жұмыс істейді.
— Облыста «Азаматтық орталығы» заңды тұлғалар бірлестігі 2021 жылы ашылды. Қазір мұндағы үкіметтік емес ұйымдар 20 бағыт бойынша жұмыс істейді. Ең басты бағытымыз мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға арналады. Кезекті жиында үкіметтік емес ұйымдар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында көтерген бастамаларының жүзеге асырылуына қатысты мәселелерді қозғады. Әсіресе заң үстемдігі мен адам құқығын қорғауға баса назар аударылғаны ерекше мәнге ие. Бұл қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға тікелей әсер етеді. Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова алдағы уақытта үкіметтік емес ұйымдарға қатысты жаңа Заң жобасы қабылданса, бұл ұйымдардың жұмысына оң өзгерістер әкелетінін жеткізді, — дейді Ә.Мәжит.
Іс-шара соңында жиналғандар өзара пікір алмасып, үкіметтік емес ұйымдардың қызметін талқылады.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.






