Мәдениет — ұлттың рухани алтын қазығы

Жұмыс сапары
Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова «Amanat» партиясының облыстық филиалы ғимаратында жергілікті қоғам өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуге қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, белсенді азаматтар қатысты.
Вице-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, орталық мемлекеттік органдардың басшылары өңірлерге шығып, халықпен тікелей кездесулер өткізуге тиіс. Бұл кездесу осы тапсырма аясында ұйымдастырылды. Жиында А.Құрманова еліміздің мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мағлұмат беріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
— Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет, медиа салаларымен қатар, азаматтық қоғамды дамыту бағытында да жұмыс істейді.
Мәдениет — ұлттың рухани алтын қазығы. Қай өнер түрі болсын, оның түп негізі — әдебиет. Әдебиет дамымай, өнердің өзге саласын толыққанды дамыту мүмкін емес. Сондықтан отандық әдебиетті өркендету, оқырман мәдениетін қалыптастыру және кітап индустриясын дамыту — министрлік жұмысының басты бағыттарының бірі. Соңғы жылдары бұл бағытта нақты істер атқарылып келеді. Үкімет қаулысымен 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып бекітілді. Осы атаулы күн аясында түрлі іс-шара, байқаулар өткізіледі. Биыл «Жүз кітап» жалпыұлттық сауалнамасы ұйымдастырылды. Сонымен қатар әдебиетті қолдауға бағытталған байқаулар, жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастамалар отандық әдебиеттің дамуына тың серпін беретіні айқын, — деді вице-министр.
Айзада Құрманова мәдениет саласының маңызды бағыты — киноиндустрияны дамыту туралы да айтты. Бұл ретте министрлік тарапынан кинотеатрларда көрсетілетін фильмдердің идеологиялық және мазмұндық сапасын бақылау күшейтілгені, Мәжілісте ұлттық киноиндустрияны реттеу туралы заң жобасы қаралып жатқаны айтылды.
— Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналуы туралы нақты міндет қойды. Осы тапсырма аясында мәдениет саласында да цифрлық жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Атап айтқанда, «E-museum» платформасы, «е-Архив» жүйесі іске қосылды.
Цифрландыру аясында мәдениет нысандарына электронды билет жүйесін енгізу, өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдарын орнату, турникеттік бақылау жүйесін құру сияқты шаралар жүзеге асырылатын болады, — деді А.Құрманова.
Вице-министр мәдени мұраны сақтау, жаңғырту және кеңінен насихаттау жұмыстарына да тоқталды. Қазіргі уақытта ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне еліміздегі он тарихи және мәдени ескерткіш енгізілген.
— Бүгінгі ақпараттық кеңістіктегі ахуалға тоқталсақ, қазір әрбір азамат әлеуметтік желі арқылы өз ойын еркін жеткізе алады. Бұл — заман талабы. Алайда мұндай еркіндіктің екінші жағы да бар: контентті жасау мен тарату барысында жауапкершілік артады. Мемлекет басшысы елімізде ақпараттық кеңістікті реттейтін бірнеше заңға қол қойды. Бұл заңнамаға сәйкес әрбір контент авторы жариялаған материал үшін заң алдында жауап береді. Егер ол ақылы қызмет көрсетсе, салық төлеу тәртібі де қарастырылған. Сонымен қатар жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік күшейтілді.
Қазір бұл жауапкершілікті қатаңдату мәселелері де көтеріліп жатыр. Себебі әлеуметтік желілерде ұлтаралық және қоғамдық келісімге нұқсан келтіретін арандатушылық мазмұндағы жазбалар әлі де кездеседі. Сондықтан заңнаманы жетілдірумен қатар, ақпараттық мәдениетті арттыру бағытындағы жұмыс күшейеді. Қоғамдық қауіпсіздік те мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта биыл 30 маусымда «Құқықбұзушылықтың алдын алу туралы» Заңға түзетулер енгізілді. Бұл түзетулерге сәйкес қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім киіп жүруге тыйым салынды, — деді ол.
Сонымен қатар елімізде қоғамдық келісім мен азаматтық бірлікті нығайту бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толды. Осы маңызды дата аясында өңірлерде түрлі іс-шаралар, кездесулер және диалогтық алаңдар ұйымдастырылды.
Елімізде 23 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген, оның ішінде 5 мыңнан астамы белсенді жұмыс істейді. Вице-министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда «Үкіметтік емес ұйымдар туралы» заңнаманы жетілдіру және мемлекеттік қолдау критерийлерін әзірлеу туралы тапсырма бергенін, азаматтық қоғам институттарын қолдау бағытында гранттық қаржылай қолдауға қатысты жаңа ережелер әзірленгенін айтты.
— Азаматтық қоғам институттарының маңызды тетігі қоғамдық кеңестер. Қазіргі таңда республика бойынша 263 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. 2025 жылы олардың құрамы 80 пайыз жаңартылды. Бұл — азаматтардың мемлекеттік шешім қабылдау процесіне тікелей қатысуына мүмкіндік беретін маңызды тетік.
Азаматтық қоғамды дамытудың келесі бағыты — волонтерлік қозғалысты қолдау. Соңғы бес жылда елімізде волонтерлік ұйымдардың саны үш есеге артты. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық волонтер жылы деп жариялады. Біз өз тарапымыздан волонтерлікті дамытуға бағытталған ұлттық жоспар әзірлеп, жаңа бастамаларға жол ашамыз.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Креативті индустрияларды дамыту туралы» Заңға қол қойды. Бұл заң — шығармашылық саланы жаңа деңгейге көтерудің негізі. Былтыр елімізде 18 креативті орталық іске қосылды. 2023 жылы Ақтөбеде Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы базасында креативті орталық ашылған болатын. Бұл орталық өңірдің мәдени өміріне серпін беріп, жастар бастамаларын қолдау алаңына айналды. Мұндай жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады. Барлық бастамаларды жүзеге асыруда өңірлердің, жергілікті әкімдіктердің және азаматтық қоғамның белсенді қатысуы аса маңызды. Тек бірлескен еңбектің арқасында біз еліміздің мәдени және рухани әлеуетін арттыра аламыз, — деді вице-министр.
Іс-шара барысында кездесуге қатысқандар вице-министрге сұрақтар қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Жергілікті журналистерге сұхбат берген вице-министр А.Құрманова кездесу аясында мәдениет саласындағы бірқатар нысанды аралап, кітапханаларды жаңғырту, мәдени мекемелерді цифрландыру, мәдени мұраны сақтау бағытындағы жұмыстармен танысатындығын айтты. Сондай-ақ Азаматтық альянс өкілдерімен және үкіметтік емес ұйымдар мүшелерімен жүздесу де жоспарланған.
— Бүгінде Ақтөбе облысы мәдениет пен ақпарат саласында айтарлықтай жетістіктерге жетіп отыр. Ел мәдениетінің әр саласында ақтөбеліктердің үлесі зор. Ақтөбе облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы әсіресе мәдени мұраларды сақтау, ақпараттық кеңістікті дамыту және заманауи цифрлық технологияларды енгізу бағыттарында жақсы жұмыс атқарып отыр, — деді тілшілерге берген сұхбатында.
Кездесу соңында Айзада Құрманова азаматтарды жеке қабылдап, сұрақтарын, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Барлық айтылған мәселеге қатысты өз пікірін білдіріп, олардың шешімі заңнама аясында жүргізілетінін айтты.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.









