Кәсіпкерлер мен жастар кездесті

«Elevator» жобасы
Кәсіпкерлер күніне орай С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаттары, табысты кәсіпкерлер мен бизнес бастауға ниетті жастар бас қосты. Кездесу «Elevator» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Іс-шараны Ақтөбе қалалық мәслихаты, American Corner Aktobe, қалалық жастар ресурстық орталығы және облыстық кітапхана ұжымы бірлесе өткізді. Басты мақсат — кәсіпкерлікке қызығушылық танытқан жастарға қолдау көрсету, олардың өзекті мәселелерін талқылау және мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлерге бағытталған саясат пен қолдау тетіктерін түсіндіру.
— Биыл елімізде алғаш рет Кәсіпкерлер күні аталып өтіп отыр. Бұл — бизнес саласының қоғамдағы рөлін айқындап, кәсіпкерлердің еңбегін бағалауға арналған маңызды мереке. Осыдан он жыл бұрын елімізде Кәсіпкерлер туралы кодекс қабылданды. Содан бері бизнесті қолдау тетіктері дамып, әлемдік деңгейдегі құралдар енгізілді. Қазір кәсіпкерлер үшін мүмкіндік көп. Ең бастысы — сол мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білу. Цифрлық жүйенің бизнеске берер әлеуеті зор. Біз осы бағытта түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беріп келеміз. Нағыз кәсіпкер боламын деген адам, ең алдымен, өз алдына нақты мақсат қоя білуі керек. Қиындықтар міндетті түрде болады, бірақ сол қиындықтарды жеңе білу, табандылық таныту маңызды. Сонымен қатар бизнес саласындағы нетворкинг, коммуникациялық технологиялар, бизнестегі стейкхолдерлік жүйе сияқты ұғымдарды жақсы меңгеру қажет. Егер адам үнемі ізденіс үстінде болмаса, бизнес әлемі оны артта қалдырады. Сондықтан кәсіпкерлік жолында тәжірибесі бар азаматтар өз білімін, көрген-түйгенін жастармен бөлісуі керек. Осы бағытта өңірімізде жүзеге асып жатқан «Elevator» жобасы — соның айқын дәлелі. Бұл атаудың өзі айтып тұрғандай, «элеватор» — яғни жеделсаты. Тәжірибелі кәсіпкерлер жастарды сол «жеделсатымен» жоғары көтеріп, шабыт пен сенім береді. Бұл — Америкадан бастау алған, әлемде өзін жақсы көрсеткен жоба. Бастысы, сенде ынта мен талпыныс болса болғаны. Өйткені кәсіпкерлердің өмірлік тәжірибесі — ешбір мектептен немесе курстан табылмайтын баға жетпес білім. Сол тәжірибе арқылы ғана адам өз жолын тауып, биікке көтеріле алады, — деді Ақтөбе қалалық мәслихатының төрағасы Анар Даржанова.
Кездесуге келген депутаттар және белсенді кәсіпкерлер — Жандос Жаңабай, Ұлан Қозыбақов, Шынар Ершілік, Руслан Бусурманов, Дәурен Жанажанов пен Дәурен Тәжіғұловтар өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар кәсіпкерліктің қыр-сыры, қиындықтары мен мүмкіндіктері жөнінде ой қозғап, жастарға жігер мен шабыт берді.
«Elevator» жобасы аясында осымен екінші рет ұйымдастырылып жатқан кездесу барысында қатысушылар өз бизнесін дамытудағы қиындық пен идеяларын ортаға салды. Кәсіпкерлер жастардың бастамаларын қолдау бағытында олардың ұсынысын талқылады.
Арайлым НҰРБАЕВА.



