Отбасы берекесі — ортақ құндылық

Тәрбие
Сәрсенбі күні Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде «Jas Power» азаматтық-патриоттық тәрбие беру жобасы аясында «Отбасылық құндылықтар — ұрпақ тәрбиелеудің кілті» атты кездесу өтті. Тақырып бойынша жас талаптарға «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Оразкүл Асанғазықызы дәріс оқыды.
Ол отбасындағы рухани құндылықтар, ата-ана мен баланың өзара сыйластығы һәм жауапкершілігі, қазақ тілі туралы кеңінен әңгіме өрбітті. Оқытушылар мен жастар спикермен бұл бойынша пікір алмасты.
Кездесудің негізгі мақсаты — қоғам мен жастар арасында отбасы институтының маңызын арттыру, отбасылық құндылықтарды дәріптеу арқылы рухани және адамгершілік тәрбие беруді күшейту, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі мен рөлін түсіндіру, сондай-ақ ұлттық дәстүр мен қазіргі заман құндылықтарының өзара үйлесімін көрсету.
— Республика күні қарсаңында сіздермен кездескеніме өте қуаныштымын. Бұл — ерекше мереке, ата-бабамыз қанша ғасыр армандаған атаулы күн. Осы игіліктерге куә болып, Тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатқан сіздер — бақытты ұрпақсыздар. Баршаңызды осынау мерекемен құттықтаймын!
Өзім жамбылдық қарапайым шопанның қызымын. Жастайымнан оқу-білімге ұмтылдым, мамандығым — физика пәнінің мұғалімі. Өз күшіммен осы деңгейге жеттім: мұғалім, мектеп директоры, облыс әкімінің орынбасары, Мәжіліс депутаты болдым. Бұны мақтан үшін емес, сіздерге өмірің өз қолыңда екенін айтқым келеді. Әйтпесе 5 жасымда әкемнен айырылдым, анам 20 жасқа енді толғанымда өмірден өтті… Яғни өмірде қандай жетістікке жетсең де, әке-шешеңнің бар-жоқғы, кедей немесе бай болғаны маңызды емес. Бәрі өзіңе байланысты.
70 жасқа дейін қызмет еттім. Қазір зейнеткермін. Отбасы берекесі, тіл туралы осылай шақырған жерлерге дәріс оқимын. Бұған дейін Ақтау, Атырау жастарымен кездессем, бұдан кейін Қарағанды, Алматы өңірлеріне барамын, — деді Оразкүл Асанғазықызы.
Басқосу соңында шара қонағының «Отбасы берекесі» кітабының таныстырылымы болды.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.





