Жан-жақты көмек көрсетіледі

Оқиға
23 қазан күні Самара-Шымкент автожолының бойында Белқопа ауылының маңында DAF жүк көлігі мен «Газель» маркалы жолаушылар көлігі соқтығысты. Апат салдарынан 12 адам қайтыс болды. Жол апаты болған жерге барған облыс әкімі Асхат Шахаров қайтыс болғандардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсетілетінін айтты.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі берген дерегіне сүйенсек, алдын ала мәліметтер бойынша жүк көлігі қарсы бағыттағы жол жолағына шыққан.
Ақтөбе облысы ПД бастығы Абай Жүсіповтің айтуынша, екі көліктің жүргізушісі мен «Газель» көлігінің он жолаушысы қаза тапқан. Оның екеуі — 2016 және 2022 жылы туған бала, қалғаны — ересек адамдар.
— Бес жолаушы медициналық мекемеге жеткізілді. Оқиға бойынша тергеп-тексеру басталды. «Газель» автокөлігі облыс орталығына Жүргенов ауылынан жолаушылар тасымалдаумен ресми айналысқан. Оқиға орнында полиция қызметкерлері, жедел тергеу тобы жұмыс жасап жатыр. Барлық мән-жай анықталуда, — деді.
Оқиға болған орынға барған облыс әкімі Асхат Шахаров қайтыс болғандардың туыстарына жан-жақты көмек көрсетілетінін айтты.
— Қайтыс болған жандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Бұл — бәріміздің жанымызға ауыр тиген, орны толмас қаза. Қазір ауруханада зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Оларға және қайтыс болған марқұмдардың отбасыларына барлық қолдау мен көмек беріледі. Оқиға орнында тиісті қызметтер мен мамандар жұмыс істеп жатыр. Туыстарына психологиялық және әлеуметтік көмек ұйымдастырылды. Бұл жағдай менің жеке бақылауымда болады, – деді Асхат Шахаров.
Өңір басшысы аудандық ауруханада жатқан алты адамның жағдайын біліп, бір зардап шегушімен сөйлесті.
Қайтыс болған он адамның жақындарына облыс әкімдігі тарапынан 1 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілетіні айтылды.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі берген дерекке сүйенсек, медициналық мекемеге — Хромтау аудандық ауруханасына бес адам жеткізілген, бір адам барудан бас тартқан. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметі бойынша апаттан зардап шеккендердің бірі — 2009 жылы туған бала.
— Бес науқас жан сақтау бөлімінде жатыр, екеуінің жағдайы ауыр, үшеуінің жағдайы тұрақты, бір адам палатада ем алып жатыр. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Дәрі-дәрмек пен қан компоненттері жеткілікті, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев.
Айта кетейік, бұған дейін ауруханаға барудан бас тартқан бір науқас дәрігерлердің ұсынысы бойынша ауруханаға жатқызылған. Облыс орталығынан дәрігерлердің екі бригадасы келген, құрамында балалар және ересектер дәрігері, реаниматолог, травматолог, хирург пен нейрохирургтер бар. Науқастардың жағдайына қарай қажетті операциялық ем-дом жүргізілген.
Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаевтың айтуынша, жол апатынан қайтыс болған «Газель» көлігінің жүргізушісі жеке кәсіппен айналысқан.
— Маусым айынан бастап ресми түрде келісімшартқа сәйкес жолаушылар тасымалдаумен айналысып келді. 16 орындық жаңа «Газель» көлігі таңғы сағат 7-де, әдеттегідей, ауылдан қалаға шыққан. Көлік ішінде жеке шаруасымен қалаға бара жатқан азаматтар болған. Қаза болғандардың ішінде 2022 және 2016 жылы туған кәмелетке толмаған екі бала бар, екеуінің қасында әкелері болған. 2022 жылы туған бала да, әкесі де қайтыс болды. 2016 жылы туған баланың әкесі ауруханада жатыр. Тағы бір отбасы — анасы мен 18 жастағы ұлы да қайтыс болды. Қайтыс болғандардың ең кішісі 2022 жылы туған бала болса, ең үлкені 1953 жылғы адам. Жол апаты таңғы сағат 8.40-та болған, — деді Дәулетияр Тоғызбаев.
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен аталған жол-көлік оқиғасының себептерін тергеу жөнінде Үкіметтік комиссия құрылды.
Премьер-Министр аталған Комиссияға жұмысын дереу бастауды, жол апатының себептерін жан-жақты тексеруді, қайтыс болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына бірінші кезектегі көмек көрсету шараларын қабылдауды тапсырды.
Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басшылық ететін Комиссия құрамында Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінің жетекшілері, Ақтөбе облысы әкімдігінің басшылығы бар.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.



