Жаңалықтар

Ата-анаға да қолдау қажет

Аналар кеңесі

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Қамқорлыққа толы қоғам — аналардың арман-мүддесі» атты кеңейтілген отырыс өтті. Оған облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, психологтар, педагогтер және Аналар кеңесінің төрағалары қатысты.

Іс-шараның ұйымдастырушысы, облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Рауза Серғалинаның айтуынша, бұл іс-шара мүмкіндігі шектеулі және аутизмге шалдыққан балалары бар отбасыларды қолдауға бағытталған.
— Аутизм — психологиялық ауру. Мұндай науқасқа шалдыққан балалардың жалпы дамуы тежеледі. Сөйлеу және интеллектуалдық мүмкіндіктері қалыпты болғанына қарамастан, айналасындағы адамдармен араласа алмайды. Сондықтан мұндай балалар ерекше қамқорлықты қажет етеді. Ата-аналарды қолдау мақсатында ауыл-аймақтарды аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Жақында Мұғалжар, Байғанин аудандарында болып, ерекше балалардың ата-анасымен кездестік. Дертке шалдыққан баланың психологиялық ерекшеліктері әртүрлі болады. Кейбірі физиологиялық тұрғыдан дені сау болса да ойлау қабілеті тым төмен немесе керісінше, талантты болуы мүмкін. Сондықтан аталған дертке шалдыққан балалардың отбасына қолдан келген көмегімізді аямаймыз, — деді ол.
Жиын барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Аманжолова аутизм бойынша есепте тұрған отбасылардың балаларына көмек дер кезінде беріліп жатқанын баяндап, аурудың клиникалық көріністеріне тоқталды. Ал педагог-психолог, педагогика ғылымдарының магистрі, педагог-эксперт Назгүл Наурызәлиева аутизм спектріндегі балаларды оқыту мен дамытудың жаңа тәсілдері туралы айтып, көпшіліктің көкейкесті сұрақтарына жауап берді. Мамандар аутизм спектрінің неден бұзылатынын нақты айту қиын екенін жеткізді.
— Облыстық білім басқармасына қарасты «Асыл Мирас» аутизм орталығы 2022 жылы жұмысын бастады. Бүгінде мұнда 130 бала түзету көмегін алып жатыр. Бұл орталықта балалар 18 жасқа дейін тәрбиеленеді. Орталықта 6 интервенциялық бағдарлама іске асырылуда. Мамандарымыз жыл сайын шетелде білімін шыңдап, түрлі курстарда оқып жүр. Олар ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Сондай-ақ ерекше балалардың ата-анасына кеңес беріп, баламен қалай жұмыс жасау керектігін үйретеді, — дейді «Асыл Мирас» аутмизм орталығының педагог-психологі Назгүл Наурызәлиева.
Жиынды қорытындылаған «Қамқорлық» менталды бұзушылықтары бар мүгедектігі бар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Нұргүл Сарманова «Аутизмі бар балалардың әлеуетін дамыту: әлеуметтік бейімдеу және еңбекке баулу» тақырыбында баяндама жасап, орталықта атқарылып жатқан жобаларға тоқталды. Ата-аналар мамандарға сұрақтарын қойып, аутизмге шалдыққан балаларға арналған үйірме санын көбейту туралы ұсыныстарын айтты.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button