ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ — ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Брифинг
«Өңірдегі өрт оқиғаларының басым бөлігі тұрғындар тұратын аумақта болған. Газ баллондарын дұрыс сақтамау — ең үлкен қауіптің бірі. Сол себепті тұрғындар газ баллондарын гаражда, пәтерде немесе балконда сақтамауға тиіс». Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Шараға облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұрхат Қалдыбаев пен аталған басқарманың бас маманы Серікқали Данабаев қатысты.
Облыс аумағында биылғы 9 айда 424 өрт тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 4,4 пайызға артқан. Соның салдарынан 7 адам көз жұмды. 9 тұрғын түрлі деңгейде жарақат алған. Сондай-ақ 4 адам иіс тиіп, зардап шеккен. Жалпы материалдық шығын көлемі — 170 млн теңге.
Өрттердің басым бөлігі тұрғын үй секторында болған (172 жағдай тіркелген). Осыған байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті тамыз айынан бастап әлеуметтік осал санаттағы тұрғындармен белсенді профилактикалық жұмыс жүргізіп жатыр. Тұрғындарға қауіпсіздік шаралары түсіндіріліп, тұрмыстық өрттің алдын алу, жылыту құралдарын дұрыс пайдалану бойынша кеңес берілуде. Сондай-ақ департамент қызметкерлері үйлерді аралап, пештердің жағдайын тексеріп, электр желілерін дұрыс қолдану тәртібін түсіндіруде. Жалпы 7389 отбасы есепке алынып, 9 мыңнан астам үй тексерілді. Бұл үйлерде 11 мыңнан аса адам тұрады.
— Біздің басты мақсатымыз — халық арасында, әсіресе пешпен және газбен жылытылатын тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігін арттыру. Үйлерді тексеру қорытындысында 1147 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталды. Бұл бұзушылықтардың басым бөлігі электр техникалық желісі мен электр жабдықтарына (338 жағдай), жылыту жүйесіне (433 жағдай) және басқа да түрлі пайдалану ережелерінің бұзылуына (376 жағдай) байланысты болды.
Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, бүгінде отбасылар мен азаматтарға, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсетіліп, жалпы саны 380 улы газ және табиғи газ дабылы орнатылды. Бұл шаралар — тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдар, — дейді облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұрхат Қалдыбаев.
Оның айтуынша, түсіндіру жұмысы БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы да қарқынды жүргізілуде.
Газбен байланысты қауіп те күн тәртібінде тұр.
— Тұрғындар газ баллондарын гаражда, пәтерде немесе балконда сақтамауға тиіс. Баллондарды арнайы пункттерде ғана толтырып, құрылғыларды өз бетімен орнатудан аулақ болу керек. Бұл қауіпсіздік үшін қажет, — дейді басқарманың бас маманы Серікқали Данабаев.
ТЖД өкілдері балалардың отпен ойнауы мен көліктегі өрт жағдайлары да алаңдаушылық тудырып отырғанын атап өтті. Көліктегі өрт көбіне электр сымдарының ақауынан, темекі шегуден болады екен. Сол себепті әрбір көлікте жарамды өрт сөндіргіш пен алғашқы көмек қобдишасы болуға тиіс.
— Қауіпсіздік — бәрімізге ортақ міндет. Әсіресе қыс айларында қауіп күшейеді. Сондықтан тұрғындардан қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз. Кез келген күмән тудыратын жағдайда 101 немесе 112 нөміріне хабарласуға болады, — дейді Нұрхат Қалдыбаев.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.



