Жаңалықтар

Ақтөбеде «Тең мүмкіндіктер» балалар инклюзивті спорт фестивалі ұйымдастырылды

Ақтөбеде «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Тең мүмкіндіктер» атты балалар инклюзивті спорт фестивалі өтті. Іс-шараға өңірдегі 47 білім беру ұйымынан 144 оқушы қатысты.

Фестивальде 5–8 сынып оқушылары үш спорт түрі – бочча, жеңіл атлетика элементтері және көңілдіс тартар бойынша сайысты. Барлық кезеңдер қатысушылардың жеке ерекшеліктеріне бейімделіп ұйымдастырылды. Бұл әр балаға өзін көрсетуге және жарысқа қатысудан жағымды әсер алуға мүмкіндік берді.

-Президент Жолдауында мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоғамға бейімдеуге ерекше мән берілген. Бұл орайда «Тең мүмкіндіктер» спорт фестивалінің рөлі орасан. Мәселен үйден білім алатын мүмкіндігі шектеулі балалар спорттық сайыста кластастарымен ойнайды, олармен теңеседі. Бір сәтке болса да өзінің мүмкіндігі шектеулі екенін ұмытады. Ал бочча спорт түрі балалардың ойлау қабілетін, есте сақтау қабілетін дамытады, қолдың жұмыс жасауына әсер етеді. Менің балам осы спорт түріне бір жылдан бері қатысып жүр. Көптеген турнирлерге бардық, – деді Райымбек Бергалин.

Спорттық сайысты ұйымдастырушылар қатарында «AMANAT» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы, партия жанындағы Әйелдер қанаты, облыстық білім, денешынықтыру және спорт басқармалары бар.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева мұндай іс-шаралардың маңыздылығына тоқталды.

-Мұндай фестивальдер ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау мен тең мүмкіндік қағидаттарын ілгерілету үшін қажет. Бұл — Мемлекет басшысының Жолдауы аясында жүзеге асырылып жатқан маңызды бастама. Жолдауда мектептерде инклюзивті ортаны қалыптастыру мен барлық оқушыларға кешенді қолдау көрсетудің маңыздылығы атап өтілген. Осындай іс-шаралар балалардың әлеуетін ашуға, әртүрлілікке құрметпен қарауға және қоғамдастық сезімін дамытуға ықпал етеді», — деді Бұлбұл Күзембаева.

Облыстық мәслихаттағы «AMANAT» фракциясының жетекшісі Күлпаршын Айдарханованың айтуынша, өңірде 5500-дей мүмкіндігі шектеулі бала бар. Оларға жан-жақты жағдай жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осы ретте «AMANAT» партиясының негізгі мақсаты – әр азаматтың құқығы мен мүмкіндігі тең болатын әділетті қоғам қалыптастыру.

Айта кету керек, фестивальден жүлделі орын алған 10 командадағы 30 бала Астана қаласында өтетін республикалық кезеңде бақтарын сынайды.

Меңтай Бектұрсынова.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button