Дәстүрлі спартакиада қорытындыланды

Еңбек мобильдігі орталығының ұйымдастыруымен кезекті «EnbekCup2025» облыстық спартакиадасы мәресіне жетті. Үшінші мәрте өткізілген сайыста қатысушылар волейболдан сынға түсті. Сайысқа қала және облыс аумағындағы Еңбек мобильдігі, Мансап орталықтарының қызметкерлерінен жасақталған 12 команда қатысты.
Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай өткізілген спартакиада тартысты өтті. Ойыншылар кәнігі спортшылардан кем түспей, кәсіби шеберліктерін дәлелдей білді.
— Орталық қызметкерлерінің арасында спорттық жарыстарды өткізуді дәстүрге айналдырдық. Биыл үшінші мәрте өткен сайысқа Қобда, Байғанин, Ырғыз, Темір, Қарғалы, Алға, Ойыл, Мұғалжар, Әйтеке би, Мәртөк аудандары мен қалалық Мансап орталығының білікті мамандары қатысты. Олар салауатты өмір салтын насихаттауға бағыттапған іс-шаралардың жиі өткізілгенін құптайды. Себебі спорт — физикалық және психикалық саулықтың кепілі, — дейді Еңбек мобильдігі орталығының директоры Венера Урумбаева.
Спартакидаға жыл сайын қатысатын командалардың бірі — Байғанин ауданының Мансап орталығының командасы.
— Байғанин ауданына қарасты Мансап орталығында 15 қызметкер жұмыс істейді. Осы жолғы сайысқа 8 маманымыз қатысты. Спартакиаданы ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Ойын қызықты әрі тартысты өтті. Ойыншыларымыз сайыс барысында тапқырлықтарын дәлелдеді. Жалпы, жұмыстан тыс уақытта бойымыз бір сергіп қалды. Ауданда жастарды жұмыспен қамту мәселесі оңтайлы шешіліп жатыр. Әлеуметтік жобаларымыз қарқынды жүзеге асырылуда. Бұл жобалар жұмыссыздарды ғана емес, қосымша кәсіп меңгергісі келетін немесе жұмыс орнын ауыстыруға ниет білдірген кез келген азаматты қолдауға бағытталған. Биыл жыл соңына дейін 2312 адам жұмыспен қамтылмақ, — дейді Байғанин аудандық Мансап орталығының директоры Әлібек Бисенбаев.

Тартысты өткен ойындардың нәтижесінде Байғанин аудандық Мансап орталығының командасы мықты волейболшылар екенін дәлелдеп, жеңімпаз атанды. Ал жүлделі 2-орын Ырғыз ауданынан, 3-орын Темір ауданынан келген Мансап орталықтарының командаларына бұйырды. Сондай-ақ барлық жүлдегерге облыстық кәсіподақ төрағасы Мұхтарита Сағындықованың атынан ақшалай сертификат табысталды. Белсенділік танытқан командалар да ескерусіз қалмады. Спартакиада соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Алғыс хат және медаль табыс етілді.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.







