Жаңалықтар

«Қарғалының жеті кереметі» жобасы басталды

Аудан

Қарғалы ауданының 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды. Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде аудан әкімі Нұрлыбек Өнербаев ауданда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды.

Биыл жері құнарлы, шаруасы жайлы Қарғалы ауданында 32 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Мұнда 190 шаруашылық бар. Оның 104-і — егіншілікпен, 86-сы мал шаруашылығымен айналысады. Биыл аудан бойынша 151 мың гектарға егін егілді. Оның 127 044 гектарынан астық жиналды.

Ауданда «Ауыл аманаты» жобасы қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Биыл 182,4 миллион теңгеге 21 жоба тапсырылды. Соның ішінде 13 жоба мақұлданып, 82,4 миллион қаражат бөлінді. Келер жылы мұнда мал бордақылау алаңын,  сүт- тауарлы фермасын ашу,  етті бағыттағы құс фермасын және қияр мен қызанақ өсіруге арналған жылыжай салу жоспарланып отыр. Аталған жобалар жүзеге асқан жағдайда ауданға инвестиция тартылып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Сондай-ақ  аудан орталығы Бадамша ауылында жел электр станциясы салынады. Аталған жоба аясында «Badamsha Wind Energy» компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында ішкі туризмді дамыту экономикалық өсудің және мәдени өрлеудің маңызды факторы ретінде аталған еді. Осы орайда Қарғалы ауданында экотуризмді дамытуға бағытталған жобалар іске асырылуда. Бүгінде «Қасқыр сарқырамасы» адамдардың бос уақытын өткізетін демалыс аймағына айналды. Сондай-ақ «Қарғалы ауданының жеті кереметі» жобасы аясында да бірқатар жұмыстар атқарылуда, — деді аудан әкімі Нұрлыбек Өнербаев.

Баспасөз жиыны барысында биылғы егін жинау науқаны, мал басын арттыру, жұмыспен қамту бағытындағы және әлеуметтік қорғау, білім, мәдениет, спорт салаларындағы атқарылған жұмыстар жайлы айтылды.

—  Биыл аудан бойынша 1937 адам жұмыспен қамтылды. 836 жаңа жұмыс орны ашылды. 14 адамға қайтарымсыз грант берілді. Бірқатар мектептің материалдық базасы жаңартылды. Келер жылы Петропавл, Жосалы, Қосестек орта мектептері және «Бәйтерек» мектепке дейінгі ұйымы күрделі жөндеуден өткізіледі. Ауданда 55 кереуеттік аурухана-емхана, 6 дәрігерлік амбулатория және 7 медициналық пункт қызмет  көрсетеді. Мұнда кадр тапшылығы жоқ. Жыл басынан бері аудандық аурухана 7 жас маманмен толықты. Қазір ауданның 93,4 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ Бозтөбе ауылына жеткізуші және кентішілік газ құбырын салу үшін «QAZAQGAZ AIMAQ» акционерлік қоғамының облыстық өндірістік филиалынан техникалық келісімшарт қағазы алынды. Сондай-ақ келер жылы Степной ауылына кіреберіс тасжол мен Шәмші Қалдаяқов ауылдағы үш көше және Степной, Қосестек ауылындағы Абай, Дінмұхамед Қонаев көшелеріндегі көпірлер күрделі жөндеуден өткізіледі, — деді ол.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button