Жаңалықтар

100 пайызға жетті

Ауызсу

Алға ауданында ауызсумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті.

Жуырда Алға ауданындағы Көктоғай мен Тікқайың ауылдарын сумен қамту жобасы іске асты. Бұл жоба 2022 жылы қолға алынғанмен, мердігер компанияның жауапсыздығынан тоқтап қалған еді. Биыл қайта жандандырылып, Көктоғай мен Тікқайың ауылдарының тұрғындарына таза ауызсу жеткізілді. Жобаның жалпы құны 1 миллиард теңгеден асады. Әр ауылға 10 шақырымнан астам құбыр жүргізілген.

Жобаның іске асуы нәтижесінде Алға ауданы таза ауызсумен100 пайыз қамтылып отыр.

Көктоғай ауылының тұрғыны Раиса Болотских: «Өте қуаныштымыз. Әсіресе мен сияқты жасы келген кісілер үшін судың үйге келіп тұрғаны — үлкен жеңілдік. Бұрынғыдай ауыр шелектермен су тасып қиналмаймыз», — дейді

Аудан әкімі Асланбек Шүйіншалиев те Алға өңірі халқының орталықтандырылған ауызсумен 100 пайыз қамтылғанын атап өтті.«2022 жылы құрылысы басталып, тұралап қалған «сақалды құрылыстардың» бірі — Көктоғай және Тікқайың елдімекендерін сумен қамту жобасы. 2025 жылы құрылысы қайта жанданып, бүгінде аяқталды. Тұрғындарға су берілді, әрбір үй суды кезең-кезеңімен өткізіп жатыр», — деді ол.

Ал облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы Жеңісбек Төреғалиевтің айтуынша, қазір облыс аумағында 10 ауылда су жүйесін тарту жұмыстары жалғасып жатыр. Аталған жобалар толығымен іске асқанда аймақтағы таза ауызсумен қамтамасыз етілген елді мекендердің саны 301-ге жетеді.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button