Ауыл әкімдері — «Ақтөбе Медиада»

Кездесу
«Ақтөбе-Медиа» ЖШС баспасөз клубында ауыл әкімдерімен өткен кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған негізгі мәселелер сөз болды. Жиынға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Гүлмира Бисекешова, «Ақтөбе-Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, облыстық мәслихат депутаты Айгүл Нұркеева, серіктестікке қарасты «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үштаған» журналының бас редакторлары қатысты.
Кездесу барысында «Ақтөбе-Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған цифрландыру, жасанды интеллект дәуіріндегі жаңа міндеттер мен ауыл шаруашылығын дамыту бағыттарына, әсіресе өндіріспен қатар өнімді өңдеу ісін жолға қоюдың маңызын атап өтті. Сонымен бірге мемлекеттік қызметтің елдің дамуындағырөлі мен қазіргі қоғамдағы ақпараттық ахуал жайында пікірін ортаға салды.
— Мемлекеттік қызметші, соның ішінде ауыл әкімі болу —зор жауапкершілік. Ауыл —ел бесігі десек, халыққа ең жақын билік өкілі — сол ауылдың әкімдері. «Әкім бол — халқыңа жақын бол» деген сөз бар. Ең бастысы, әкім халықпен тығыз қарым-қатынаста болып, әр мәселеге жанашырлықпен қарауы керек. 2023 жылы «Ақтөбе-Медианың»бастамасымен құрылған«Ауыл аманаты — бабалар аманаты» атты ақпараттық-насихаттық экспедицияаясында12 ауданның 67 елді мекенін аралап, ауыл халқының тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге атсалыстық, — деді серіктестік директоры.
Р.Отыншин қазіргі цифрлық дәуірде құндылықтарды сақтаудың, арзан сөзге әуес болмаудың маңызды екенін айтты.
— Қазір ақпарат тасқыны тым жылдам. Әлеуметтік желі арқылы арзан әрі үстірт дүниелер көптаралады. Алайда бұқаралық ақпарат құралдары — ел мен билік арасындағы сенімді көпір. Газет пен журнал тек жаңалық таратып қоймай, қоғамның ой-санасын қалыптастырады. Сондықтан дәстүрлі журналистиканың рөлі ешқашан төмендемеуі керек, — деді ол.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басқарма басшысы Гүлмира Бисекешова Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл әкімдері үшін арнайы курстар енгізілгенін, бұл ауылдық округті тиімді басқару, халықпен қарым-қатынас орнату, жоспар құру және оны іске асыру сияқты маңызды дағдыларды меңгеруге бағытталғанын тілге тиек етті.
— Курстың негізгі мақсаты — ауыл әкімдерінің басқарушылық қабілетін арттыру. Бүгінде осы бағдарлама аясында 120-дан астам әкім оқыды. Қазірдің өзінде үш мыңға жуық мемлекеттік қызметші жасанды интеллект тетіктерін қолдануға бағытталған курстардан өтіп, сертификат алды. Мемлекеттік басқару саласындағы бірыңғай цифрлық жүйелер қызметкерлердің барлық дерегін біріктіріп, туыстық байланыстар, мүдделер қақтығысы секілді заңбұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі, — деді Гүлмира Бисекешова.
Жиында мемлекеттік қызмет саласындағы басқа да өзгерістер турасында айтылды. Елдің әлеуметтік-экомикалық саясатын, қоғамдағы жаңалықтарды жеткізуде сөзі салмақты, ақпараты шынайы ресми газет-журналдардың орны бөлек. Сондықтан әкімдердің ауыл-аймақтағы тұрғындарды ресми, шынайы ақпаратпен қамтамасыз етуі үшін жергілікті газеттерді қолдауы да маңызды деген пікірлер айтылды.
Қатысушылар өзара пікір алмасып, мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру мен жергілікті ақпараттық саясатты жетілдіру бағытындағы ойларын ортаға салды.
Жиын соңында «Ақтөбе-Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин ауыл әкімдеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына байланысты міндеттерді жүзеге асыру жолындағы қызметтеріне табыс тілеп, баспасөзбен ынтымақтастығы және серіктестікке қарасты басылымдарды насихаттаудағы еңбектері үшін ризашылығын білдіріп, Алғыс хат тапсырды.
М.ТАБЫН.



