Мансап орталығының мейірімді мамандары

Әлеуметтік қолдау
Қазан айының соңғы жексенбісі — әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлеріне құрмет көрсетілетін, олардың ерен еңбегі еленетін күн.
Қоғамда ерекше орны бар бұл мамандық иелері — көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, қиын сәтте сүйеу бола білетін жандар.
Бүгінде Ақтөбе облысында әлеуметтік қорғау саласында екі мыңға жуық қызметкер еңбек етеді. Солардың қатарында Мансап орталығының мамандары да бар.
Мереке қарсаңында біз осы салада абыроймен еңбек етіп жүрген жандардың еңбегін елеп, олардың қызметінің маңызын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Мейірімді Райымгүл
Әлеуметтік салада он екі жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Райымгүл Қожантаева — өз ісіне адал, тұрғындардың сеніміне ие маман.
Ол еңбек жолын Ақтөбе қалалық халықты жұмыспен қамту орталығында бастап, түрлі бағытта қызмет атқарды. Осы жылдар ішінде мол тәжірибе жинақтаған Райымгүл бүгінде Мансап орталығында кәсіпкерлікті қолдау және кәсіби оқуды ұйымдастыру секторының маманы болып жұмыс істейді.
— Әлеуметтік жұмыс — жай көмек көрсету емес, ең алдымен, жанашырлық пен сенімге негізделген қызмет. Әрбір азаматпен дұрыс қарым-қатынас орнату — табысты жұмыстың басты шарты, — дейді ол.
Оның айтуынша, қазір еңбек нарығында жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары. Бағдарламашы, массажист, дәнекерлеуші, механик, жиһаз құрастырушы секілді бағыттар бойынша кәсіби оқытуды ұйымдастыру — басты назарда. Бұл тұрғындарға өз қабілетін ашуға, жаңа табыс көзіне жол табуға мүмкіндік береді.
— Кәсіптік оқыту арқылы талай адам жаңа өмірге қадам басты. Бірі жаңа мамандық иесі атанса, енді бірі өз кәсібін ашты. Біздің міндет — тек материалдық көмек көрсету емес, ең алдымен, адамға рухани қолдау білдіру, — дейді Райымгүл Қожантаева.
Маманның пікірінше, әлеуметтік саланың басты құндылығы — мейірім мен жауапкершілік. Себебі зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы отбасылар мен қиын жағдайға тап болған азаматтарға қол ұшын созу — қоғам алдындағы борыш.
Өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтын Райымгүлдің еңбегі — өңірдің әлеуметтік ахуалының жақсаруына қосылған сүбелі үлес. Оның жылы сөзі мен қамқор ниеті талай жанға сенім мен үміт сыйлап келеді.
Қамқор Ақгүл
Қоғамдағы әрбір адамның өз орнын табуы — үлкен еңбек пен сенімнің нәтижесі. Әсіресе өмірінің кемел шағына жеткен, тәжірибесі мол, бірақ жұмыс табуда қиындық көретін жандарға қолдау мен бағыт-бағдар ауадай қажет. Осындай адамдарға көмек қолын созып жүрген жандардың бірі — Ақгүл Қайырғалиқызы.
2023 жылдың шілде айынан бері ол Ақтөбе қаласындағы Мансап орталығында жұмыс іздеушілерді қолдау секторының кәсіби бағдар маманы болып еңбек етіп келеді. Ақгүлдің басты міндеті — түрлі санаттағы азаматтарға, әсіресе егде жастағы адамдарға жаңа мүмкіндік ұсынып, жұмысқа орналасуына көмектесу.
— Қазіргі таңда, әсіресе зейнет жасына жақындаған азаматтардың жұмыс табуы оңай емес. Көпшілігі бір кездері кәсібінен қол үзіп қалған немесе денсаулығына байланысты еңбекке шектеу қойылған. Осындай жандарға бағыт-бағдар беріп, өздеріне лайық жұмыс табуға көмектесу — менің күнделікті міндетім, — дейді ол жылы жүзбен.
Ақгүлдің жұмысы көбіне «Күміс жас» жобасымен тығыз байланысты. Бұл жоба тәжірибелі, бірақ жұмыссыз жүрген азаматтарға жаңа өмірлік серпін береді. Уақытша жұмыспен қамту, қайта оқыту, кәсіби бағдарлау — бәрі де олардың қоғаммен байланысын үзбеуге, өзіне сенімін қайтаруға бағытталған.
— «Күміс жас» бағдарламасы — бұл тек жұмыспен қамту шарасы емес. Бұл адамдардың өз күшіне сенуіне, қоғамға қажет екенін сезінуіне жол ашады. Мұндай бағдарламалар ел ішіндегі тұрақтылықты нығайтады, — дейді ол.
Ақгүл Қайырғалиқызы үшін бұл — тек қызмет емес, миссия. Ол әр адаммен тіл табысып, олардың жан дүниесін түсінуге тырысады. Бүгінде оның көмегімен жұмысқа орналасқан, жаңа өмір бастаған жандар жетерлік. Олар үшін Ақгүл — жай ғана кәсіби кеңесші емес, өмірдің жаңа бағытын көрсетіп, жол сілтеген қамқор жан.
А.БАЛЖАНАЙ.



