Би әлеміндегі қос жұлдыз

Ақтөбелік Әмірхан Ғайниұлы мен Дарья Игнатенко — облыстың атын шығарып жүрген жұлдыздар. Қазір 11-ші сыныпта оқитын екі жас спорттық-балл биін билейді. Жастардың өнер әлеміндегі достығы 2015 жылы басталды.

Сол жылы ата-аналары қос өренді Ақтөбедегі «Жастар» спорт мектебіндегі спорттық би үйірмесіне әкелген болатын. Әуелде тек қызығушылықпен келген жас бишілердің аяқ алысы көп ұзамай шынайы құштарлыққа ұласты. Би залына алғаш аяқ басқан сәттен-ақ екеуінің арасындағы үйлесім байқалды. Ал бір жылдан соң бапкерлер Әмірхан мен Дарьяны тұрақты жұп ретінде бекітеді. Содан бері қос талант бір сахнада, бір ырғақта, бір-бірінің тынысын тап басып, би әлеміндегі өз соқпағын қалыптастыра бастады. Әуенмен үндесіп, қимылмен сөйлейтін өнерлі жұптың шеберлігі жылдар өте шыңдала түсті. Сахнаға шыққанда көрерменнің назарын бірден баурап алатын олар талай додада топ жарып, биік белестерді бағындырды. Бүгінде Әмірхан мен Дарьяның есімі — жас бишілерге үлгі.
Бұл спортта серіктес табу оңай емес. Әсіресе, ер балаларға талап жоғары болғанымен, көбіне жаттығудан қашқақтап жатады. Бірақ Әмірхан мен Дарья қиындықтарға мойымай, ата-аналары мен бапкерлерінің қолдауымен талмай еңбектенді. Бүгінде олардың би алаңындағы үйлесімі — көпке үлгі.
Жастайынан сахнаға шығып, түрлі мерекелік іс-шараларға шақырыла бастады. Той, мектеп бітіру кеші, мәдени мерекелер — қай жерде болмасын, олар биімен көрерменге қуаныш сыйлап жүр. Қазір жергілікті «Самрұқ» шоу-балетінде және «Дружба» мәдениет үйінде өнер көрсетіп, ыстық ықыласқа бөленіп келеді.
Әрине, жарыс жолында кедергілер де жоқ емес. Соңғы жылдары Қазақстанда бұл жас санатында спортшылар азайғандықтан, республикалық деңгейде сынға түсу мүмкіндігі сиреген. Қаржылық қолдау да жеткіліксіз. Соған қарамастан, Әмірхан Ғайниұлы мен Дарья Игнатенко еңбектерімен талай табысқа жетіп, Ресей мен Қазақстанда өткен жарыстарда жүлделі орындарды иеленді.
Дарья мен Әмірхан — сахнада жарқыраған қос жұлдыз секілді. Олар үшін би — тек спорт емес, жүрекпен жеткізілетін өнер.
А. ҒАНИ, Ақтөбе қаласы.



