Жаңалықтар

Балаларға базарлық

Мейірім

Шалқар аудандық аурухананың жанынан ашылған балаларды оңалту орталығында «Әр бала — бір ғалам» атты мерекелік кеш өтті. Іс-шара қазан айының екінші жексенбісінде атап өтілетін Мүгедектер күніне арналды.
Салтанатты кешке ерекше күтімді қажет ететін балалар мен олардың ата-аналары, сондай-ақ аудандық аурухананың дәрігерлері мен мамандары қатысты.
Аталған орталық «Қазақстан халқына» қорының «QH аудандық оңалту орталықтары» қайырымдылық жобасы аясында ашылған. Мұнда 181,2 миллион теңгеге заманауи құрал-жабдық орнатылған. Олардың қатарында Ottobock вертикализаторлары, Rifton жүйелері, велотренажерлер, Tyrostation жаттықтырғыштары, «Атлант» пневмокостюмдері, сондай-ақ «Головастик» пен «Кузнечик» атты инновациялық жаттығу кешендері бар.
Сонымен қатар сенсорлық және релаксациялық терапия жүргізуге арналған арнайы бөлмелер, тұз шахтасы мен шунгит бөлмесі жұмыс істейді. Ал гидротерапияға арналған иммерсионды ванналар ем алушылардың денсаулығын қалпына келтіруге мол мүмкіндік береді. Осы жылдың мамыр-қазан айлары аралығында орталықта жалпы саны 94 бала емдік шара қабылдаған. Қазіргі уақытта мұнда 21 бала ем алуда. Орталықта барлығы 15 қызметкер жұмыс істейді, оның 12-сі — дефектолог, реабилитолог, невролог, логопед секілді арнаулы маман, ал 3-еуі — кіші қызметкер.
Мерекелік іс-шара меймандардың ыстық лебізімен ашылып, концерттік бағдарламаға ұласты. Аудандық аурухананың бас дәрігері Есенғали Көпенов, аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің меңгерушісі Үмітхан Хасенова, «Шалқар саясы» мүгедектерді қолдау қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Алдашев сөз сөйлеп, осындай орталықтардың Шалқар сынды шалғай аудандарда ашылуы ата-аналар үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.
Ал ата-аналар атынан Қамқа Мұхамбетова сөз алып, мүмкіндігі шектеулі балалардың келешекте қоғамға сіңісуіне, осы жолда толық ем алуына жасалып жатқан жағдайларға зор тебіреніспен ризашылығын білдірді.
Шара барысында ерекше күтімді қажет ететін балалар би билеп, ән шырқап, өз өнерін көрсетті. Ал түрлі жануар кейпіндегі ертегі кейіпкерлері бүлдіршіндерге қуаныш пен көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Соңында балаларға сый-сияпаттар жасалды.
Орталықтың аға медбикесі Ақзер Жайылғанова мерекелік шараға қолдау көрсеткен барша мейманға және қатысушыларға алғысын білдіріп, әр баланың жүзінен шаттық көріп тұрғанын ерекше атап өтті.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,
Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button