«Ақтөбе» — ұстаздардың рухани серігі

Біздің оқырман
Бұл ғасыр — ақпарат ғасыры, қолыңдағы алақандай телефон арқылы әлемнің төрт түкпірінде не болып жатқанын оңай-ақ білуге болады. Ақпарат ағынының көптігі һәм жылдамдығы оның шынайылығына, растығына да әсер ететіні айқын. Осы ретте нағыз салмақты сөз айтатын, ұлттық құндылықтарға негізделген басылымдар аса қажет.Өңір журналистикасында облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің орны бөлек. Ұстаз ретінде бұл газетті көп жылдан бері үзбей оқимын.
«Ақтөбе» — мен үшін тек ақпарат көзі ғана емес, менің рухани серігім, балаларға тәрбие мен білім берудің тиімді құралы. Басылым бетінде жарық көретін мақалалар мен сұхбаттардың астарынан елге, жерге, тілге деген терең құрмет, халқымыздың өткенінен сыр шертетін тағылымды тарих, бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне деген салмақты көзқарасты байқаймын. Бүгінгідей жаһандану кезеңінде балаларды, жас ұрпақты ұлтты, жерді, елді, Отанды сүюге тәрбиелеуде мұндай мазмұнды жарияланымдардың орны бөлек.
Ұстаздық қызметімде газетте жарық көретін білім, мәдениет, тәрбие, тұлға, руханият бағытындағы мақалаларды жиі пайдаланамын. Сабақ барысында, әсіресе ашық сабақтарда, сынып сағаттарында осы мақалаларды мысал етіп, шәкірттеріммен бірге талдап, ой бөлісіп отырамын. Бұл балаларға тәрбие беріп қана қоймай, олардың газет-журнал оқу мәдениетін де арттыратыны сөзсіз.
Сонымен қатаргазет бетінде жергілікті ұстаздардың еңбегі, үздік тәжірибелері, шығармашылық ізденістері туралы мақалалар да жиі жарияланады.
Бұл бізге, педагогтерге,зор шабыт сыйлайды. Әріптестеріміздің жетістіктерін көріп, қуанып отырамыз. Мұндаймысалдар жас мамандарға да бағыт-бағдар беретіні айқын.
«Ақтөбе» газеті — ұрпақ пен уақыт арасындағы алтын көпір. Балалар өңір тарихы, өлке тынысы туралы мағлұматтарды «Ақтөбе» арқылы алады. Сондықтан алдағы уақытта да сүйікті газетімізде облысымыздағы тарихи-мәдени ескерткіштер, ел, жер атаулары туралы мақалалар, жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары жиі жарияланса дейміз. Жүз жылдан астам тарихы бар басылым әлі де оқырманымен бірге жасап, өскелең ұрпақтың сенімді рухани серігі болады деп сенеміз.
Айнұр ЖАППАРОВА,
Ақтөбе қаласындағы №79 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі.



