Адал еңбек үлгісі

Қандыағаш қаласында «Адал азамат— Адал еңбек— Адал табыс» атты аудандық жастар форум-фестивалі өтті.
Жұмысшы мамандықтары жылына орай ұйымдастырылған форум-фестивальға облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов қатысты.
Форум барысында Мұғалжар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Мұғалжар аудандық филиалымен бірлесіп, мұғалжарлық кәсіпкерлердің жылжымалы көрмесі өткізілді.
Көрмеде кәсіпкерлер сүт өнімдерін, қолөнер, зергерлік бұйымдарын, кондитер және тоқыма өнімдерін ұсынды. Сонымен қатар форум-фестиваль аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Қатысушылар жұмыс берушілердің ұсыныстарымен танысып, түйіндеме жазу, сұхбатқа дайындалу, еңбек нарығындағы заманауи үрдістер, қызметкерлердің құқықтарымен жұмысқа орналасу шарттары туралы кеңес алды. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 20 мекеме қатысып, 70 бос жұмыс орнын ұсынды.
Әр колледж өздері даярлайтын жұмысшы мамандықтар туралы мағлұмат орналастырып, студенттердің қолынан шыққан жұмыстар көрмесін ұйымдастырды. Әуелі көрме мен жәрмеңкені аралаған облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан іс-шарада сөз сөйлеп, жастарды техникалық мамандықтарға баулудың маңызына тоқталып, жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлі мен олардың экономикалық даму үшін маңызын атап өтті.
Форум-фестивальға Ақтөбе, Қандыағаш пен Ембі қалаларынан қатысқан техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің студенттері өз жетістіктері мен инновациялық жаңалықтарын ұсынды. Техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарының тәжірибесі көрсетіліп, жұмысшы мамандықтар бойынша шеберлік сағаттары өткізілді. Форум соңында қатысушылар марапатталды.
Бұл форум-фестиваль жастарды техникалық мамандықтарға тартудағы маңызды қадам болды, сондай-ақ кәсіби өсу мен мансаптық дамудың нақты мүмкіндіктерін көрсетті.
Жандос АЙТЖАН,
Мұғалжар ауданы.



