Ақтөбеліктер жаңа мамандықты қысқа уақытта меңгеріп жатыр

Әлеуметтік қолдау
Ақтөбе өңірінде қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламалары белсенді жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама еліміздің Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы аясында қолға алынған.

Ақтөбе облысы Еңбек мобильділігі орталығының кәсіпкерлікті қолдау, кәсіптік оқыту және еңбек ресурстарын болжау бөлімінің басшысы Әлия Хамидуллинаның айтуынша, биылдың өзінде өңір бойынша 540 адам қысқа мерзімді курсқа жолданды. Қатысушылар тігінші, кондитер, аспаз, сантехник, шаштараз-стилист, тракторшы-машинист мамандықтарын меңгеріп жатыр. Қазіргі таңда 324 адам оқуын сәтті аяқтап, еңбек нарығына қосылуға дайын.
— Қысқа мерзімді кәсіптік оқытудың басты мақсаты — еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандар даярлау, тұрғындарды тұрақты табыспен қамтамасыз ету. Курс түлектері жаңа кәсібі бойынша жұмысқа орналаса бастады. Мәселен, «Байжанова» оқу орталығында оқыған кондитерлер «Aruka Cakes» цехында еңбек етіп жүр. «Мариям» оқу орталығының шаштараз-стилист түлектері сұлулық салондарына жұмысқа орналасты, — дейді Әлия Хамидуллина. Оның айтуынша, оқу бағдарламалары жұмыс берушілермен тығыз ынтымақтастықта әзірленіп, олардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Осылайша өңір тұрғындарының бір тобы осы бастаманың арқасында кәсіптік білім алып қана қоймай, еңбек нарығында өз орнын тауып, тұрақты жұмысқа орналасқан.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



