Жаңалықтар

Жоба жеңімпаздары марапатталды

Бір ауыл-бір өнім

Облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен іс-шарада «Бір ауыл-бір өнім» жобасы жеңімпаздарына сертификатпен арнайы мүсіншелер табысталды.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бір ауыл-бір өнім» жобасын үш жылдан бері жүзеге асырып келеді. Мақсат — әр ауылда кем дегенде бір бәсекеге қабілетті өнім өндірісін қолдау.
Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев аталған жобаның ауыл экономикасы үшін маңызына тоқталса, өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов «Бір ауыл-бір өнім» жобасының жеңімпаздары өнім өндірушілер ғана емес, өңірлік бренд қалыптастырып жүрген азаматтар екенін айтып: «Маңыздысы — бұл идеялардың негізінде жергілікті шикізат, қол еңбегі және ауылды дамытуға деген ықылас жатыр. Дәл осы олардың өнімін бәсекеге қабілетті етеді», — деді.
Өз жобаларын ұсынған он жартылай финалистің ішінен бизнес, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдерінен құрылған бренд-комитет мүшелері дауыс беру арқылы ең мықты үш жеңімпазды анықтады. Олар өнімнің сапасы мен дизайнынан бастап, нарықтағы әлеуеті және кәсіпкердің бизнесті кеңейтуге дайындығына дейін мән берген. Жеңімпаздың бірі — Мәртөк ауданындағы «Зәру» шаруа қожалығының жетекшісі Бану Тілегенова. Шаруашылық марал өсіру ісімен айналысады. Панта өнімдері сегіз жылдан астам уақыттан бері сұранысқа ие. Бұдан бөлек кәсіпкер медициналық туризмді де дамытып отыр. Бүгінде Мәртөктің Казанка ауылындағы шипажай жанынан мамандарға арналған 10 үй салынған. Шипажайдың Ақтөбеден бөлек, Алматы және Қостанай қалаларында филиалы бар.
Қобдадағы «Нұр-МТС» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрсұлу Сатаева үш жеңімпаздың бірі атанды. Шаруашылық «Qobda Milk» брендімен сүт өнімдерін шығарады. Мұнда толық кластерлік жүйе жұмыс істейді: мал өсіру, өңдеу, өндіріс, стерильді қаптама және брендтеу. Шаруашылықта 300-ге жуық ірі қара бар, өнімдері облыс нарығында кеңінен таралады. Ал үшінші жеңімпаз — Қарғалы ауданының тұрғыны Николай Ровенский. Бүгінде өз атына жеке кәсіпкерлігін ашқан бұрынғы теміржол инженері бес жыл бұрын тәуекелге барып, бизнесті нөлден бастады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиеге 10 ара ұясын сатып алған. Бүгінде оның омартасында 30 карник тұқымды ара ұясы бар. Нарыққа төрт түрлі бал шығарады: жөке, беде, көп шөпті және күнбағыс балы. Өнімі өңірде танымал бола бастады.
Дидар Боранқұловтың айтуынша, үш жеңімпаз енді облыс атынан республикалық «Бір ауыл-бір өнім» көрмесіне қатысады. «Бұл олардың мойындалуы ғана емес, жаңа нарыққа шығуға мүмкіндік береді. Маркетологтар өнімді брендтеуде, сертификаттауда, тіпті экспортқа шығаруда қолдау көрсететін болады», — дейді ол.
Жеңімпаздар үшін тағы бір маңызды ынталандыру — 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік грантқа қатысу мүмкіндігі. Былтырдан бастап мұндай гранттар тек «Бір ауыл-бір өнім» жобасы жеңімпаздарына және «Әлеуметтік кәсіпкерлік» мәртебесі бар кәсіпкерлерге беріледі. Қалған бизнес иелері тек жеңілдетілген несие ала алады.
Шара барысында кәсіпкерлік басқармасының өкілдері қатысушыларға грантқа өтінім беру шарттарын түсіндірді. Грант қаражаты жаңа жабдық, шикізат пен материал сатып алуға, технология енгізуге, франшиза алуға және ғылыми-зерттеу жұмыстарына жұмсалады. Ол үшін міндетті шарттар да бар. Бұл орайда кәсіпкердің өз қаражаты кемінде 20 пайыз болуға тиіс, грантты тек мақсатты түрде және қолма-қолсыз пайдалану қажет. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашу міндетті.
Өтінімдер Kezekte.kz автоматтандырылған платформасы арқылы қабылданады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button