Жаңалықтар

Иіссіз газдың құрбаны

Оқыс оқиға

«Ақтөбе U-16» командасының ойыншысы Арон Мұса көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша, 15 жастағы футболшы, бауыры және әжесімен бірге газдан уланып, қайтыс болған. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, үйден өрт шықпаған, алайда үш адамның өлі денесі табылған. Ал полиция департаменті аталған қайғылы оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
— Ақтөбе облысының полиция департаменті бір отбасының үш мүшесінің өліміне қатысты тергеу жұмыстарын бастады. Газ жабдығына техникалық зерттеу жүргізуде. Оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу жұмыстарына байланысты өзге ақпарат жария етілмейді, — деді облыстық полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары Нариман Мұхтаров.
Ал «Ақтөбе» футбол клубының басшылығы Арон Мұса болашағынан зор үміт күттірген жас ойыншылардың бірі болғанын айтады. Ол небәрі 6 жасында клуб академиясына қабылданып, еңбекқорлығымен көзге түскен. Жастардың «QJ» лига командасына қабылданып, өз құрамасының сенімді ойыншысына айналған. Оң жақ қапталдағы қорғаушы болған. Клуб басшылығы мен жаттықтырушылары Аронның отбасына қайғыра көңіл айтып, қаржылай қолдау көрсететіндерін жеткізді.
— «QJ» лига командасына мыңның бірі болып қабылданған еді. Болашағынан үлкен үміт күттірген таңдаулы жас спортшы болатын. Біз оны болашақта «Ақтөбе» футбол клубының негізгі командасынан көреміз деп ойлаған едік. Өкінішке қарай, өмірден ерте үзілді. «Ақтөбе» футбол клубы Арон Мұсаның отбасына қаржылай көмек көрсетеді, — деді «Ақтөбе» футбол клубының медиа офицері Әсет Жомарт.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button