Колледждегі кездесу

Баспасөз — 2026
Жыл сайынғы дәстүрлі баспасөзге жазылу науқаны аясында «Ақтөбе Медиа» серіктестігінің өкілдері Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің ұжымымен кездесті.
Кездесуге «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібай, «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Гүлсім Назарбаева, Қазақстанның құрметті журналисі, баспасөз ардагері Ғалымжан Төрехан қатысты.
«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, баспасөздің қоғамдағы рөлі мен құндылығына тоқталды.
— Биыл Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтары» жылы деп жариялады. Осы колледжде жұмысшы мамандықтары терең оқытылады. Еңбек адамының мәртебесін көтеруде аянбай еңбек етіп жүрсіздер. Жас өреннің білікті маманға айналуы — сіздердің еңбектеріңіз.
Газет — халық пен билік арасындағы алтын көпір, елдің айнасы. Сондықтан баспасөзге жазылу тек ақпарат алу емес, рухани байланысты сақтау екенін ұмытпауымыз керек. «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері әрдайым еңбек адамын, ұстаздар мен жұмысшы мамандарды дәріптеп келеді. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.
Бір ғасырдан бері өңірдің өткені мен бүгінін хаттап, ұлт руханиятының айнасына айналған баспасөздің басты күші — оның оқырманы. Ал біздің тұрақты оқырмандарымыздың басым бөлігі — ұстаздар. Ұрпақ тәрбиесі мен елдің келешегі үшін еңбек етіп жүрген педагогтер — қоғамның арқауы. Сондықтан ұстаздарға айрықша алғысымыз бар, — деді ол.
«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры газеттің білім беру саласындағы белсенді ақпараттық қолдауын атап өтіп, колледж ұжымымен арадағы көп жылдан бергі серіктестік қатынасы үшін алғысын білдірді.
— Газет те бір көмекші құрал іспетті. Біздің газетте сіздерге қажетті тақырыптар мен әдістемелік бағыттағы материалдар, арнаулы айдарлар тұрақты жарияланып тұрады. Сол жазбаларды сабақ барысында қосымша көмекші құрал ретінде пайдаланып, оқу үрдісіне енгізуге де болады, — деді Р.Отыншин.
Кездесу барысында колледж ұжымына «Ақтөбе Медиа» серіктестігінің Алғыс хаттары мен естелік сыйлықтары табысталды. Сондай-ақ облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның Құрмет грамотасымен колледж директоры Жеңіскүл Мұхамбетпайызова мен орынбасары Ержан Өтеулин марапатталды. Арнайы пәндер оқытушылары Дархан Шаңбаев, Ғалымжан Ізімов, Рауза Байжанова да «Ақтөбе Медиа» серіктестігінің атынан Алғыс хат иегері атанды.
Өз кезегінде Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің директоры Жеңіскүл Мұхамбетпайызова оқырманын іздеп келген баспасөз өкілдеріне ризашылығын білдірді.
— Бізде жаңалық өте көп. Биыл 60 жылдық мерейтойымызды атап өткелі отырмыз. Бүгін, міне, оқу орнымызға облыс пен ауыл-аймақтың жаңалығын жеткізіп жүрген ел азаматтары, баспасөз қызметінің өкілдері келіп отыр. Биылғы баспасөзге жазылу науқаны аясында бізге арнайы келіп, оқырманмен кездесіп жатқанына өте қуаныштымын.
Бүгінде оқу орнымызда 150 педагог еңбек етіп, 2400-ден астам студент білім алады. Алпыс жылдық тарихында колледж 20 мыңнан астам кәсіби маман даярлап, олардың көбі еліміздің ірі өндіріс орындарында еңбек етіп жүр. Біз заман талабына сай, бәсекеге қабілетті маман дайындауды басты мақсат етіп келеміз. Қазіргі таңда колледж білім алушылары мен оқытушылары халықаралық жобаларға қатысып, республикалық деңгейдегі байқауларда үздік нәтиже көрсетіп келеді, — деді ол.
Жеңіскүл Мұхамбетпайызова сондай-ақ колледж оқушылары мен оқытушыларының жетістіктеріне тоқталды.
— Колледжімізде білім алушылардың Start Up-идеялары мен жобаларын қолдауға арналған студенттік бизнес-инкубатор, WorldSkills жаттығу лагері, Cisco және Steam желілік академиялары жұмыс істейді.
Біз облыстың ірі өндіріс орындарымен әлеуметтік серіктестік орнатып, оқушылардың тәжірибеден өтуін және дуальды оқыту жүйесін дамытуға басымдық беріп келеміз. «Энергосистема» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «KEGOC» акционерлік қоғамы, «Ақтөбе ферроқорытпа зауыты» және басқа да кәсіпорындармен бірлескен жобалар — соның айғағы, — деді ол.
Жеңіскүл Сағидоллақызы колледждің үздік оқытушыларының еңбегін де ерекше атап өтті.
— Жуырда «Автоматтандыру және басқару» бөлімінің меңгерушісі, республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы Дархан Түгелбайұлы Шаңбаев Мемлекет басшысының қолынан «Шапағат» орденін алып келді. Бұл — ұстаздың қажырлы еңбегі мен ел дамуына қосқан зор үлесінің айғағы. Дархан Түгелбайұлы жастарды ғылым мен инновацияға жетелеп, техникалық білім беру саласының өркендеуіне үлес қосып келеді. Осы қуанышты жаңалықты алғашқылардың бірі болып «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері сүйіншілеп жариялады. Бұл да ұстаз еңбегіне деген құрметтің көрінісі, — деді Ж.Мұхамбетпайызова
Сонымен қатар колледж оқытушылары Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі ұсынған техникалық және кәсіптік білім беру саласына арналған 25-тен астам оқулық пен оқу-әдістемелік кешеннің авторы атанған. Жетекші мамандардың еңбегі халықаралық деңгейде жарияланып, тәжірибеге енгізілген.
2022 жылдан бері колледж «Еуразиялық топ» (ERG) және колледждер Альянсының құрамында жұмысын жалғастырып келеді. Соңғы екі жылдағы түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші 92-96 пайыз аралығында. Бұл — оқу орнының еңбек нарығына бағытталған нақты нәтижесі.
Кездесу жылы лебізбен аяқталып, оқу орны мен өңірлік баспасөз арасындағы серіктестік пен шығармашылық байланыс алдағы уақытта да жалғасатыны айтылды.
Айдана АЛТЫБАЕВА.





