Жаңалықтар

Мәртөкте өнер орталығы бой көтереді

Брифинг

Мәртөк ауданының  9 айдағы әлеуметтік-экономикалық  дамуы қорытындыланды. Өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Медет Ысқақов  атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Мәртөк — инфрақұрылымы қарқынды дамып келе жатқан өңір. Бүгінде құрамында 32 елді мекені бар ауданның бірнеше ауылында көше жолдарына асфальт төселіп, газ құбырлары тартылып жатыр. Мұнда 484 шаруашылық бар. Оның 234-і егіншілікпен, 250-і мал шаруашылығымен айналысады. Биыл аудан бойынша 158 мың гектарға егін егілді. Оның  97 292,5 гектарынан астық жиналды.

Ауданда  «Ауыл аманаты» жобасы бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл 1,9 миллиард теңге болатын 334 жоба тапсырылды. Соның ішінде 295 жобасы мақұлданып, 1,5 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бүгінде республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» магистралі бойында 37,5 шақырым жол күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Қызылжар-Бөрте бағытында көпір құрылысы жақында басталды. Мәртөк және Жайсаң ауылдарында  теміржолдан өтуге арналған жаяу жүргіншілер көпірін салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданды. Мәртөк-Дмитриевка-Полтавка бағытындағы жол орташа жөндеуден өтті. Биыл Мәртөк ауылында 6 көше жөнделеді. Оның екеуі толық аяқталды. Ауданға қарасты бірқатар ауылда жарықшамдар орнатылып, көше бойына асфальт төсеу жұмысы қарқынды жүргізілуде. Мәртөк ауылындағы Жаңақоныс елді мекенінің 6 шақырым жолына қиыршықтас төселіп, су өткізу құбыры салынды, — деді аудан әкімі.

Оның айтуынша, ауданда келер жылы бірқатар әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі. Мәселен, аудан орталығында жаңа Өнер орталығының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Мәртөк ауылында да 930 миллион теңгеге өрт сөндіру депосының жаңа ғимараты салынып жатыр. Құрылыс келер жылдың қаңтар айында аяқталады деп жоспарлануда. Бұл нысан өртке қарсы қорғаныстың күшін нығайтады. Сондай-ақ ауданда биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңа оқу ордалары пайдалануға берілген.

— Сарыжар ауылында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 300 орындық мектеп бой көтерді. Жаңа оқу ордасы орын тапшылығы мәселесін шешіп, заманауи, қауіпсіз және жайлы ортамен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Мәртөк ауылындағы №3 Мәртөк жалпы орта білім беру мектебі спортзалының құрылысы жанданды. Қазіргі таңда Кеңсахара ауылында — 100, Достық ауылында 60 орындық мектептің құрылысы басталды. Бүгінде Жайсаң көпсалалы колледжі, №3 «Айналайын» балабақшасы мен Бөрте, Құрмансай, Байнассай, Аққайың, Хазірет мектептері күрделі жөндеуден өтті. 32 елді мекеннің 24-і орталықтандырылған сумен қамтылған. Хазірет және Кеңсахара ауылдарында да су құбыры желісін қайта жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Осы жылы Шевченко ауылының ауызсу жүйесін жақсарту мақсатында су айдау бекетіне су тазарту фильтрі орнатылды. Шалғай ауылдарды көгілдір отынмен қамту мәселесі де оңтайлы шешімін тапты. Биыл Хазірет, Байнассай, Ақмоласай, Шевченко, Қызылжар, Бөрте ауылдарына көгілдір отын берілді. Жыл соңына дейін ауылдық елді мекендердің 94 пайызы көгілдір отынға қол жеткізеді. Бұл ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етпек, — дейді аудан әкімі.

Ауданда жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай төмендеген. Сүт-тауарлы фермалардың жұмысы жанданып, 50-ден астам адам өндіріс орындарына жұмысқа алынған. Биыл 2152 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Кешенді жоспардың 81 пайызы толығымен орындалды. Қысқа мерзімді оқыту курстарында 25 адам білімін шыңдады.

— Биыл әлеуметтік жұмыс орындарына — 48, жастар тәжірибесіне 110 адам жіберілді. Жаңа бизнес-идеяларымен көзге түскен 11 адамға қайтарымсыз грант берілді. Жұмыссыздықтың деңгейін азайтуға бағытталған шараларымыз жалғасады. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласында да кешенді жоспарларымыз орындалып жатыр. Биыл аудандық аурухана мен дәрігерлік амбулатория жөндеуден өтті. Кадр тапшылығы байқалмайды. Мұнда науқастың сапалы ем, алғашқы медициналық көмек алуына жағдай жасалған. Сондай-ақ биыл «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына 8832 адам қатысып, 1960 тонна қоқыс шығарылды. Экологиялық акция аясында 15 саябақ, 25 ескерткіш тазартылды, — дейді ол.

Баспасөз жиыны барысында биылғы егін жинау науқаны, мал басын арттыру, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, білім, мәдениет, спорт салалары, туризмді дамыту мәселелері де айтылды.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button