Газ тартылып, құрылыс жүріп жатыр

Аудан
Байғанин ауданында тұрғындардың 75,5 пайызы газбен қамтылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 83,5 пайызға жетеді деп күтіліп отыр. Сондай-ақ Қосарал, Көкбұлақ ауылдарына көгілдір отын апару үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленді.Ауданда ауызсумен қамту көрсеткіші 97,4 пайызға жетті. Жыл соңына дейін Дияр, Баршақұм ауылдарына да ауызсу апарылмақ.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Байғанин ауданының биыл 9 ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы жылдың жоспарларына арналған баспасөз жиыны өтті. Аудан әкімі Айбек Көпенов БАҚ өкілдерін жасалып жатқан жұмыстармен, негізгі мәліметтермен таныстырып, олардың сауалдарына жауап берді.
Аталған өңірде тұрғындар саны 22,6 мыңнан асады, оның ішінде 10 мыңнан астам адам аудан орталығында тұрады.
Ауыл шаруашылығы саласында 414 шаруа қожалығы, 5 ЖШС және 19 өндірістік кооператив тіркелген. Қой-ешкі саны былтырғымен салыстырғанда — 117, 6 пайызға, ал жылқы саны 127 пайызға жетіп отыр. Сондай-ақ мүйізді ірі қара мен түйе саны да өскен. Қазіргі күні алдағы қысқа қажетті мал азығының 90 пайызы дайындалды. Жыл басынан бері 14,1 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестицияның көлемі — 360,7 миллион теңге. Ал «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Сарытоғай ауылдық округіне қарасты Алтай батыр ауылы «Үздік ауыл» атанды.
Ауданда 1,5 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі бар. «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында жалпы саны 188 өтінім бойынша құжаттар тапсырылып, оның 186-сы мақұлданған. 172 жоба бойынша несие берілген. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясындаДияр ауылында спортзалдың құрылысы қолға алынса, Қопа ауылында — жаңа саябақ, ал Кемерши ауылында балаларға арналған ойын алаңы ашылды, сондай-ақ Жарлы ауылында «Қазпошта» АҚ бөлімшесінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілген. Бәрі де өңірдегі мұнай өндіруші компаниялардың көмегімен жүзеге асқан жобалар.
Жол инфрақұрылымын дамыту аясында биыл аудан орталығы Қарауылкелдіден Жарқамыс, Оймауыт, Кемерши бағыттарындағы жолдарға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Жалпы ұзындығы 83,3 шақырым болатын жергілікті маңызы бар, сондай-ақ ұзындығы 10 шақырым болатын ауылішілік жолдарда құрылыс және жөндеу жұмыстары қолға алынған. Ал Қарауылкелдіде 1,5 шақырымдық жаяу жүргінші жолының құрылысы аяқталды.
Жалпы,биыл 8 айдың қорытындысы бойынша ауданға 36,9 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл — жоғары көрсеткіш. Алтай батыр ауылында әкімшілік ғимараты салынса, аудан орталығы Қарауылкелдіде өрт сөндіру депосы мен Мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр.
И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.



