Шахмат ойнап, ой сергітті

Турнир
Қазан айының екінші жексенбісі елімізде мүгедектігі бар адамдар күні болып белгіленген. Осы атаулы күнге орай дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының ұйымдастыруымен ерекше турнир өтті.
Мүгедек спортшылар арасында интеллектуалдық спорт түрі шахматтан облыстық ашық турнир ұйымдастырылып, оған Алға, Әйтеке би, Шалқар, Мәртөк, Темір, Мұғалжар аудандарынан және Ақтөбе қаласынан ниеттілер қатысты.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсімі Әнұранмен басталды. Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының директоры Гүлнар Картанова жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары Юрий Шек құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға 10 шахмат пен ойыншылар уақытын есептейтін 10 сағатты сыйға тартты.
Одан соң жарыстың ережесін турнирдің бас төрешісі Лариса Шоқанова таныстырды. Жарысқа қатысқандар арасынан құлағының мүкісі барлар мен тірек қимыл аппараты зақымданған спортшылар белсенді көрінді. Олардың арасында шахматтан өткен ел чемпионатына қатысып жүрген сурдоспортшылар да бар екен. Мәселен, соның бірі — ел чемпионатының қола жүлдегері Ермұқан Жәрдемғалиев. Құлағының мүкісі бар Ермұқан сөйлемейді. Біз онымен сурдоаудармашы Нарғыз Тәліпқызының көмегімен тілдестік.
— Жасым — 25-те. Шахматты 7 жасымда үйрене бастадым. Алғашқы бапкерім — белгілі суретші, танымал ұстаз, шахматтан спорт шеберлігіне үміткер болған Таймас Телеушев. Марқұм Таймас Ниязбекұлы мен сияқты көп балаға шахмат әліппесін барынша үйретті. Бүгінде облыс, ел чемпионаттарына қатысып жүрмін. Қазіргі бапкерім — Лариса Шоқанова, — дейді Ермұқан Жәрдемғалиев.
Жарыста бәрінен үздік көрінген Ақтөбе қаласының тұрғыны Батырхан Төлегенов жеңімпаз атанды. Темір ауданынан келген Берік Нұғманов екінші орынға ие болды. Мұғалжарлық Тельман Өтепбергенов үшінші орын иеленді. Ал әйелдер арасында ақтөбелік Арайлым Сағиева чемпион болды. Әйтеке би ауданынан келген Эльмира Нұрымбетова — екінші орыннан, ақтөбелік Арайлым Жағпар үшінші орыннан көрінді.
Бұл турнир спорт арқылы қоғамдағы инклюзияны нығайтуға, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар жандардың әлеуетін танытуға үлкен мүмкіндік берді. Шара соңында жүлдегерлерге дипломдар мен медальдар табысталды.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



