Тұрғындар қан тапсырды

Акция
«Қан тапсырып, өзгеге өмір сыйла». Облыстық қан орталығында осындай акция өтті.
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйытқы болуымен өткізілген іс-шараның мақсаты — қоғамда ерікті қан тапсыру мәдениетін дамыту, жағдайы ауыр науқастарға өмір сыйлау және денсаулық сақтау саласында әлеуметтік жауапкершілікті арттыру.
Облыстық қан орталығына күн сайын 50-ге жуық донор келіп, ерікті түрде қан тапсырады екен.
— Қан тапсырмастан бұрын донорларды тексеруден өткіземіз. Әсіресе жұқпалы ауруы бар-жоғы тексеріледі. Донорлар жалпы қанмен бірге, қан компоненттеріне де анализ тасырады. Әр компоненттің (эротрицит, тромбоцит, тағы да басқалар) өзіндік емдік шарасы бар. Қажетті компонентті қаннан сүзіп аламыз.
Облыстық қан орталығы — маңызды медициналық ұйым. Жыл сайын 10 мыңнан астам адам қан тапсырады. Қанға сұраныс өте көп. Біздің орталық облыстық, қалалық ауруханаларды, сондай-ақ шалғай елді мекендердегі медицина мекемелерін қанмен толық қамтып отыр.
Қан тобының 4 түрі бар. І теріс қан тобы — сирек кездесетін қан түрі. Оның басты ерекшелігі — барлық қан тобына жарай береді.
Донорлар екі түрге бөлінеді. Біріншісі — тұрақты, екіншісі — алғаш рет қан тапсырушылар. Науқасқа шұғыл көмек керек болған жағдайда, тұрақты донорларға аптаның кез келген күні хабарласып, өтініш айтамыз. Донор екі ай сайын қан тапсыруына болады, ал қан компоненттері үшін анализ тапсыру мерзімі — екі апта. Өзім де екі ай сайын қан тапсырамын.
Айта кету керек, қан тапсырған адамға 0,25 пайыз айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақша және жұмыстан бір күн демалыс беріледі, — дейді облыстық қан орталығының дәрігері Айсұлтан Абрашев.
Ізгі шараға қатысуға ниет білдірушілер көп болды. Соның бірі — М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің 4-курс студенті Бектас Есен. Ол бесінші рет қан тапсырып жатыр екен.
— Болашақ дәрігер болғандықтан да білемін, қан тапсырған кезде адамның иммундық жүйесі жаңарады. Қан тапсырғаннан кейін 72 сағат өткен соң адамның қан элементтері жаңарып, иммундық жүйесінің қорғаншылық қызметі екі есе артады. Соның арқасында адам ағзасы жұқпалы аурулар, тұмау секілді ауруларға қарсы тұра алады. Қан тапсырудың адам ағзасына зияны жоқ. Қан тапсырғаннан кейін ертеңіне суды көбірек ішіп, сүт өнімдерін көбірек пайдалану керек.
Бір адам қан тапсырса, үш адамға өмір сыйлайды. Осыдан екі жыл бұрын сабақта отырғанымда облыстық қан орталығынан хабарласып, шұғыл көмек керегін айтты. Мұндай жағдайда сабақтан босатады. Шұғыл медициналық тексерулерден өтіп, қан тапсырдым. Сөйтіп, жағдайы ауыр әйел адамға көмек көрсеттім, — дейді Бектас.
Іс-шара барысында қатысушыларға қан тапсыру ережелері мен маңызы туралы ақпарат берілді және дәрігерлер донордың денсаулығын тегін тексерді. Акция соңында донорларға арнайы Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.



