Жаңалықтар

Су тасқынынан зардап шеккен ауылда жаңа балабақша ашылды

Балалар бұл күнді асыға күтті. Өйткені, көктемгі су тасқыны кезінде олардың баратын ғимараты апаттық деп танылған еді. Балабақшаға ауылдағы барлық бала қабылданды.

Ойыл ауданының Ш.Берсиев ауылдық округіне қарасты Қаратал ауылында «Балбөбек» балабақшасы есігін айқара ашты. 60 орындық білім беру ұйымында тәрбиеленушілерге қажеттінің бәрі бар. Заманауи талаптарға сай жабдықталған ойын бөлмелері, тынығатын орындары, асхана бар. Қауіпсіздік талаптары қатаң сақталған, бейнекамералар орнатылды.

Ғимараттың салтанатты ашылуына Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев, Ақтөбе облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Гүлжан Құлыбекова, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты. Құттықтау сөз сөйлеген шара қатысушылары жаңа нысан ауыл балаларының жарқын болашағына жасалған маңызды қадам, жас ұрпаққа көрсетілген қамқорлықтың көрінісі десті.

Іс-шара барысында бөбекжай тәрбиеленушілері өлең оқып, ән шырқап өнер көрсетті. Ақсақалдар ақ батасын берсе, ақжаулықты аналар шашу шашып, қуаныштың көркін қыздырды.

Айтып өтейік, бұл балабақша – өңірде ашылған 640-шы балабақша.

А.ІЛИЯС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button