Аппарат мәжілісі өтті

Жиында ішкі саясаттың өзекті мәселелері, спорт саласы және сурдоспорттың жағдайы, сондай-ақ Жұмыспен қамту жол картасының жүзеге асырылуы қаралды.
Бірінші мәселе бойынша Ішкі саясат басқармасының басшысы Ә.Байнешов баяндама жасап, қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайту, этносаралық келісімді қамтамасыз ету және азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
Қоғамдық пікірді мониторингтеу, медиа кеңістікте тарайтын жалған ақпараттарға жедел әрекет ету, мемлекеттік рәміздерді дұрыс пайдалану бақылауда екендігі атап өтілді.
Облыс әкімі этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтауды күшейтуді, әлеуметтік желілердегі мониторингтік топтардың жұмысын жандандыруды, ҮЕҰ және азаматтық секторымен серіктестікті нығайтуды тапсырды.
Спорт саласының ағымдағы жағдайы және сурдоспортты дамыту туралы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы М. Махамбетов баяндады.
Өңір басшысы барлық елді мекенде спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтамасыз етуді, сурдоспорт бойынша секциялар мен мамандар санын арттыруды, Олимпиаданың лицензиясын иеленгендерге арналған жеке дайындық жоспарларын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар инклюзивті спортты дамытып, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды өңірдің спорттық өміріне белсенді тарту қажет.
Күн тәртібінде қаралған үшінші сұрақ – Жұмыспен қамту жол картасының іске асырылуы. Баяндама жасаған Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Л.Оразбаева халықты жұмыспен қамту көрсеткіштері мен бағдарламалардың орындалуы туралы хабарлады.
Облыс әкімі уақытша және тұрақты жұмыс орындарын құру жоспарының орындалуын қатаң бақылауға алу, маусымдық жұмыстарға бірінші кезекте жергілікті халықты тарту, жас мамандарды жұмыспен қамтуды мониторингтеу, сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімділігін қамтамасыз етуді тапсырды.
Барлық көтерілген мәселеге қатысты нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы облыс әкімінің тікелей бақылауында болатыны айтылды.
Д.АЙДАР.









