Экономикалық өзгерістер талқыланды

Ақтөбеде жергілікті әкімдік, мәслихат өкілдері, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың мамандары мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен экономикалық саясатты, соның ішінде жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіру мақсатында кездесу өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешев, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов, Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаев, облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов, облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева қатысты.
Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешев өңірлердегі осындай кездесулер арқылы кәсіпкерлермен ашық диалог орнату маңызды екенін айтты:
– Мұндай кездесулерде мемлекеттік саясаттың мәнін түсіндіріп қана қоймай, кәсіпкерлердің де пікірін тыңдаймыз. Жаңа Салық кодексіне байланысты жақында Ақтөбеде кездесу өткен болатын. Мұндай талқылаулар басқа өңірлерде де ұйымдастырылды. Жалпы, тек салық реформасына қатыста ғана емес, басқа да нақты сұрақтар болса, жеке талқылауға дайынбыз. Басты мақсат – ашықтық пен тиімді кері байланыс орнату, – деді вице-министр.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов жаңа Салық кодексінің негізгі бағыттарымен таныстырды.
Оның айтуынша, жаңа құжат салық жүктемесін оңтайландыруға бағытталған.
– Биыл 18 шілдеде Мемлекет Басшысы жаңа Салық кодексіне қол қойған болатын, ол келесі жылдан бастап күшіне енеді. Негізгі өзгерістер — салық есептілігінің көлемі 30 пайызға қысқарады, салық саны 20 пайызға азаяды, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады, дифференцияланған ставкалар енгізіледі. Нақтырақ айтсақ, корпоративтік табыс салығы мөлшерлемесі 20 пайыз деңгейінде қалады. Алайда әлеуметтік сала ұйымдары – денсаулық сақтау ұйымдары мен білім беру ұйымдары үшін корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі 2026 жылы — 6,5 пайыз, ал 2027 жылдан бастап 10 пайыз болады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі 3 пайыз деңгейінде қалады.
Басты жаңашылдықтардың бірі – жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізіледі. Мәселен, жеке тұлғалардың жылдық жиынтық табысы жылына 8500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде болс, салық ставкасы — 10 пайыз, одан жоғары болса — табыстың артылған бөлігіне салық мөлшерлемесі 15 пайыз көлемінде болады, — деді ол.
Сонымен бірге комитет өкілі арнайы салық режимдерінің үш түрі ғана қалатынын айтты, олар — өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғаларға арналған режим, оңайлатылған декларация және шаруалар мен қожалықтарға арналған режим.
Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаев коммуналдық қызмет көрсету саласындағы өзгерістер туралы айтты. Соңғы бес жылда елімізде коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға 1,5 триллион теңге қаражат жұмсалып, тозу деңгейі 5-6 пайызға төмендеген. Оның алдындағы бес жылдықта тозу деңгейі 3 пайызға төмендеген.
– Өткен жылы Үкімет басшысының қаулысымен энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту бойынша елімізде ұлттық жоба қабылданған болатын. Бұл бағдарлама аясында алдағы бес жылда коммуналдық жүйелердің тозуын 40 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр. Жоба автоматтандыру, ашықтық, цифрландыру және отандық кәсіпорындарды қолдау қағидаттарына негізделген, – деді ол.
Жиын соңында бизнес өкілдері қатысушылар салық реформасы мен тариф саясатына қатысты ұсыныс-пікірлерін айтты.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.









