Газ жеңілдікпен беріледі

Қолдау
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы тауарлық газға ваучерлер беру туралы брифинг өтті.
2023 жылғы 11 қазаннан бастап облыста мемлекеттік атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алатын тұтынушылар үшін газ бағасына жеңілдіктер қарастырылған. Яғни облыс әкімдігі мен «QAZAQGAZ AIMAQ» акционерлік қоғамы арасында өзара іс-қимыл туралы меморандум жасалды. Осы меморандум аясында облыстағы аз қамтылған тұтынушыларға тауарлық газдың бағасы жалпы халыққа бекітілген бағадан 20 пайыз жеңілдікпен беріледі.
— Басқарма атаулы әлеуметтік көмек және тұрғын үй көмегін алушылар туралы мәліметті «QAZAQGAZ AIMAQ» акционерлік қоғамына ай сайын жіберіп отырады. Мәселен, биыл жартыжылдықта атаулы әлеуметтік көмек алатын 528 отбасына 4148,0 мың теңге және тұрғын үй көмегін алушы 79 отбасына 276,9 мың теңгеге тұтынылған газ үшін жеңілдіктер жасалған.
Бүгінде «Әлеуметтік әмиян» арқылы тауарлық газға ваучерлерді (жеңілдіктер) беру механизміне қатысты материалдар, бейненұсқаулықтар басқарманың және жергілікті уәкілетті органдардың әлеуметтік желілерінде жарияланды, — деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Ақсұлу Жұбаназарова.
Биылғы 8 айда кедейлік шегінен төмен тұратын аз қамтылған 2 609 отбасына 1 029,4 миллион теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек және 125 отбасына 2,5 миллион теңге тұрғын үй көмегі тағайындалып, төленді.
Сондай-ақ «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ облыстық филиалының газ жеткізу және режим қызметінің басшысы Асхат Алдашев пен аталған филиалдың бөлім басшысы Ақжол Ешманов «Әлеуметтік әмиян» сервисі және акционерлік қоғамның мобильді қосымшасы арқылы қалай көмек берілетінін түсіндірді.
Ақжол Ешмановтың айтуынша, мобильді қосымшалар тұрғындарға өте тиімді екенін айтты. Әлеуметтік көмек алатындар бұрынғыдай қағаз жинап әуреге түспейді, барлығы электронды түрде жүргізіледі.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



